Русский Сайттың толық нұсқасы

«NUR OTAN» партиясының әлеуметтік жобалары іске асып бастады

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2019
  • 5754

«NUR OTAN» партиясының«Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары іске асып бастады. Қажыған адамдардың параллель әлемі перпендикуляр түсіп, түйіскен жерінде жарылыс болғызбауы үшін жасалып жатқан тірліктер туралы Ақерке Бектас.  

Қызылжарлық Қаракөз Қожахметова 8 баланың анасы, төртеуі әлі кәмелет жасқа толмаған. Көп балалы ананың ай сайын алатын әлеуметтік төлемі әрине, мардымсыз. Азық-түліктен аспайтын ақша коммуналдық төлемге жетпей де қалады. Қазір бұл қызметке 30 мың теңге қарызы бар. Қаракөз жағдайын айтып «Нұр Отан» партиясына жүгінген. Енді оның «Халыққа көмек» жобасы арқылы коммуналдық ақыны бөліп төлеуге мүмкіндігі бар.

Қаракөз ҚОЖАХМЕТОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Нұр отанға барған мәселем коммунальный қарызым болды. Электроэнергия мен отопление. Маған 25 майға дейін срок берді төлеуге. Әйтпесе сөндіріп кетсе, оны қосудың өзіне 9 мың керек.

Мамырдан бастап жаңартылған әлеуметтік төлемдер енгізіледі. Демек Қожахметовтар отбасы ай сайын шамамен 100 мың теңге алып отырады. Ал "Халыққа көмек" жобасы 1 наурызда бастау алған. Бағдарлама арқылы 7,5 мыңға жуық адам өтініш білдіріп, көмекке жүгінген. Бір жарым айдай уақытта өтініш-арыздардың 40 пайызы оң шешімін тапты. Тұрғындар өтінішін тез әрі оңтайлы шешу үшін қазірдің өзінде Қарағанды мен Нұр-Сұлтанда 3 қабылдау орны ашылған.

Болатбек АЙТКЕЙ "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Ірі базарларда, сауда орындарда халық көп жиналатын орындарда "халыққа көмек" жобасының пунктерін ашып жатырмыз. Ол пунктердің негізгі мақсаты азматтарды қабылдап, кеңес беру. Әр түрлі ақпараттық бағыттағы кеңестерді беру. Ол жерде біз алдағы уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің, ХҚКО-ның, "Атамекен" Ұлттық палатасының өкілдерімен бірлесе отырып халыққа жан-жақты көмек көрсетуді ұйымдастыратын боламыз.

Бұдан бөлек тұрғындар «біріңғай әлеуметтік терезе» арқылы өтінішін жеткізе алады. «Халыққа көмек» жобасы хаттарды сайт, электронды пошта, электронды үкімет порталында және уотсапта да қарайды. Сонымен бірге фейсбук желісі мен I-көмек қызметі арқылы өтініштер қабылданады.

Ал Жадыра Көпжасарованың 7 баласымен жалдамалы пәтер жағалап жүргеніне біраз жыл болған. Алматылық келіншектің үлкені 15-те, кенжесі 8 айлық. Жалғыз кіріс – жолдасының табысы, баспаналы болуға жетпейді. Алматылық тұрғындар енді «Бақытты отбасы» жобасынан үмітті. Жуырда арнайы ашылған қордан кішкентай бүлдіршіндердің киіміне деп ақшалай сертификат та беріліпті.

Жадыра КӨПЖАСАРОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Киімдер алып бердік балаларға. 4 балам оқиды. Екі баламды балабақшаға орналастырдық. Оған да шүкір. Мына жеңілдіктердің арқасында қазір кішкентай баламмен үйде отырмын. Қайырымдылық жасап жатқан қорға рақмет.

Ал Керекуде апатты баспананың орнына жаңа көп қабатты үй бой көтеріп жатыр. Осы уақытқа дейін тозығы жеткен пәтерде тұрып келген 80-ге жуық адам 7 шілдеде жаңа баспанаға көшпек. «Сарыарқа» шағын ауданында бой көтеріп жатқан 9 қабатты үйде 72 пәтер бар. Былтыр құрылысы басталған нысан жауапсыз мердігер кесірінен тоқтап қалған еді. «Құтты мекен» жобасы арқылы құрылысы жанданды. Ал «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің болмауын арнайы мониторингтік топ бақылайды.

Нұрлан БАЙМҰРЗАЕВ, «ҚҰТТЫ МЕКЕН» ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ең бірінші мақсат – уақытында, сапалы объектілерді салу керек. Екіншіден оны салған кезде заңсыздық, сыбайлас жемқорлық, ұрлықтар мен басқа өкінішті жағдайлар болмауға тиісті.

 «Құтты мекен» жобасы 7,5 млн ауыл халқының жағдайын жақсартуды көздейді. Осы арқылы елді мекендерге ауыз су тартылып, жол құрылыстары басталады. Ал Қостанай облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 5 білім орталығы ашылған. Жақында Майкөл ауылдық кітапханасына демеушілер мен жергілікті бюджет қаражатына қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Мөлдір МӘМБЕТОВА, ОҚУШЫ:

Әрдайым осында ойындар ойнап, білім алып дегендей жаңа кітаптар пайда болғаны жақсы болды. Себебі үй жұмысын жасауға да жақсы. Достарымызбен келіп пікірталастар өткіземіз. Интернет арқылы көп хабар аламыз.

«Ауыл – ел бесігі» партиялық жобасы арқылы мектептерде 1000 спорт кешені ашылады. Ауыл кітапханаларында 1000 білім орталығы жастарға беріледі. 500 кәсіптік жоба қолға алынбақ. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қайта жанданады.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Қазір 6 мыңнан аса елді-мекен бар. 920 млрд теңгедей қаражат елді-мекендердегі нысандарды жақсылауға, ауылды көріктендіру мәселесіне, «Құтты мекен» бойынша инфраструктураларды салуға 90 млрд теңгеден артық қаражат бөлінетінін соны елге жеткізіп, оны мақсатты түрде пайдалану мәселелері қазір халыққа түсіндіріліп жатыр.

Осылайша «Құтты мекен», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларына 3 трлн теңге бөлінеді. Мол қаражаттың мақсатты жұмсалуы «Nur Otan» партиясының назарында болады. Бұл ретте Үкімет, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, 2 мыңға жуық елді-мекенді көркейтуге кіріседі. Ауқымды тірлік 2025 жылға дейін жалғасады.

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»