Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтанда велосипед жолын салу 98 процентке орындалмаған

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2019
  • 3009

Бала күнімде ата-анам пионер лагеріне жібермейтін. Сірә, жаман атынан шошыды. Мен «көрсем, білсем» деген ниетімнен шегінем бе?.. Ақыры кеңесе кел: "Велосипедке қалай қарайсың?" -дегені. Біздің жақта қыз баланың велосипед тебуі ...ондай жоқ, бір сөзбен айтқанда. Қуанғаннан пионер лагері дегенді бір сәтте ұмыттым. Айтпағым, велосипед деген шынында тамаша нәрсе. Нұр-Сұлтан қаласы велосипед тебуді жоспарлаған. Көшелерге қойды да. Бірақ нақ сондай жерде байланған велосипедті шешкен жанды өз басым екі –ақ рет кездестірдім-ау деймін. Велосипедті үйдің ауласында балалар ғана армансыз тебе алады. Белсебет тебу мүмкіндігін жасаймыз деп жарияланғанымен, жасалмады. «Балдырған» күйі қалдық. Біздің тілшіміз Әлішер Өмірзақ та велосипедпен қатынауды ойластырып, мәселені зерттеп көрген, әдеттегідей «иәәә» деп күрсінеміз.  

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Ірі қалалардың үлкен проблемасы - кептеліс және лас ауа Билік миллиондаған қаржы бөліп, жаңа ережелерді бекітіп бұл мәселені назарда ұстаймыз дегендей кейіп танытады. Бірақ баяғы жартас сол жартас. 20 минуттық жерге жету үшін 1 сағат кептелісте тұру заңдылыққа айналғандай. Десе де, бұл екі проблеманың бір шешімі бар. Дамыған ел тұрғындары солай дейді. Ол үшін көлікті велосипедке ауыстыру қажет. Ластайтын түтін, кептеліске келіп тірелетін көлік азаяды. Бірақ... біздің елде, біздің қалаларда екі дөңгелектіге ауысамын деген халыққа жағдай жасалған ба?! 

Үйден жұмысқа бару үшін отыратын аялдама алыс орналасқан.1 ай таксимен жүрсең айлығыңның берекеті болмайды. Сондықтан велосипедке көштім, дейді елордалық Мейрамбек Бекжанов. Бірақ ұзаққа созылмапты. Ойламаған жерден жаңбыр, артынан жел тұрып мазаны қашыратын бас қаланың ауа райы емес... арнайы жолдың болмауы, соның кесірінен велосипедтің жиі бұзылуы, оны қоятын тұрақтың болмауы себеп болған.  

Мейрамбек БЕКЖАНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жұмысқа біздің үй жақтан тіке қатынайтын автобус болмағандықтан велосипед алған болатынмын. Велосипед айдаған бір жағынан уақытты шегергенімен, бірақ қиындықтары болады. Арнайы жол болмағандықтан жаяу жүргіншілер жүретін жолмен жүруге тура келеді енді. Кей жағдайда адамдарға соқтығысып жататын жағдайлар да болады. Дұрыс жолдың болмағанынан дөңгелектері қисаяды. Сол себепті велосипедті тастап кететін кездер болады.

Жеке велосипедті сатып алуға қаражатыңызды қимасаңыз және тұрақ мәселесіне басыңызды ауыртқыңыз келмесе елорда көшелерінде жалға берілетін арнайы велосипедтер бар. Былтыр маусымдық абонемент құны 10 мың теңгені құраған. Десе де авторлары: бұл ешқандай да бизнес көзі емес. 6 маусым болса да, еш пайда таппадық дейді. Абонементтен түсетін қаржы қызметкерлерің айлығына кетеді екен. Велосипедтер де инвесторлардың қаражатына алынған.  

Астана қаласында биыл 170 велобекет жұмыс жасайтын болады. Велосипедтер саны 1280. 

Алмагүл ҚАСЫМОВА, «VELOCITY.KZ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: 

Коммуналдық қызметтер қар тазалау барысында біраз станцияларымызды соғып кетеді. Жол апаттары болады. Сол кезде көліктер қағып кетіп жатады. Велосипедтерді тебу барысында түсетін пандустарда арнайы съездердің жоқ болуынан біздің пайдаланушылар бордюрлерден секіруге мәжбүр болып жатады. Секіру барысында велосипедтер көп деформацияға ұшырап, сынып жатады. Көбіне сол дөңгелек жағынан шығынға ұшырап жатамыз. Ешқашан өзінің шыққан шығынын ақтаған емес.

Бұдан бөлек астананы велосипедпен қамтамасыз етеміз деп 2017 Қытай компаниясы да келген. Тұрғындардың менталитетін, «көре салайын» деген құмарлығы мен тегін дүниеге қызығушылығын толық түсінбесе керек. Жарты жылға жетпей бүкіл дерлік велосипедтері ұрланғасын елден қайта кеткен болатын. 

Алмагүл ҚАСЫМОВА, «VELOCITY.KZ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: 

2017-ші жылдары Алмат,астана қаласында Қытайдың ОФФО компаниясы енген болатын. Бірақ былтыр олар өз жұмысын тоқтатты Қазақстанда. Қазіргі таңда тек біз ғана жұмыс жасап жатырмыз. Ол кісілердің жұмыстарының тоқтатылуына велосипедтерінің ұрлануы және де ол велосипедтердің қараусыз қалдырылуы көп әсер етті. Вандалдық әсерлерге тап болды.

Велосипед денсаулыққа да қоршаған ортаға да жақсы екені белгілі ғой. Бірақ біздің елде... Басқа қаланы қойшы, EXPO-2017 өткізіп, дамығанын көрсетпек болған бас қаланың өзіндегі де жағдай мәз емес. 2016 әкімдік қала сәулетімен бірлесіп веложолдар санын көбейтуді қолға алған. Ол тиісті материалдан жасалатындықтан оған қанша мың қаражат кетті десеңізші. Халық игілігі үшін болса дұрыс қой. Бірақ жоспар бойынша 2020 жылға дейін 1717 км-ді бітіруі тиіс болған. Бүгін 2019-дың 4 айы болды, тек 34 км ғана толық қолданысқа берілген. Яғни жұмыс 98 пайызға аяқталмаған.  

Велосипедке деген халықтың арасында үлкен сұраныс бар. Велосипед тебуге құмарлар одан бас тартып та жатқан жоқ. Сондықтан біз арнайы велоспорт бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері, бұрынғы кәсіби велоспортшы Асан Базаевтан сұхбат алдық. Ондағы мақсат, велосипед тепкенде әуесқойлар басы аман болуы үшін қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін халыққа кәсіби спортшы тілімен жеткізу. 

Асан БАЗАЕВ, ТАС ЖОЛДАҒЫ ВЕЛОСПОРТ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ, БҰРЫНҒЫ КӘСІБИ ШАБАНДОЗ: 

Велосипед тебу физкалық тұрғыда өте жақсы. Қауіпсіз спорт түріне жатады. Жүрекке, аяққа, өкпеге де жақсы. Бірақ көп адам аптасына 7 күн велосипедпен жүрсем нәтиже мықты болады екен деп қателеседі. Оның зияны басым болуы мүмкін. Аптасына 3 күн 1 сағат велосипедпен жүру қалыпты норма. Қыс бітті күн шықты екен деп бастап кетуге де болмайды. Жел салқын. Мамыр айынан бастау - ең тиімдісі. Бірақ міндетті түрде жылы киінген жөн. «Термо киім» киіп алсаңыз өзіңізге жақсы. Тер тез сіңеді. Велосипед тепкенде құлаққап қолдануға болмайды. Бізде өзге дамыған елдердегідей арнайы қаіпсіз жолдар жоқ қой.

Велосипед қауіпсіз көлік құралдарының бірі дейміз. Бірақ тек арнайы жолақ болса ғана. Мына видеоларды көріп жағаңды ұстайсың. Себебі де көзге көрініп тұр: арнайы веложолдың болмауы. /Велеосипедпен соқтығысқан көліктер/  

Былтыр елімізде велосипед қатысуымен 63 жол апаты болған. Биылғы 3 айда 19. Ал бізде мәселен, Нидерланд мемлекетіндегідей велосипед айдаушыларға жағдай жасалатын уақытқа қайда әлі. Сондықтан екі дөңгелікке мінбесеңіз де, өзіңіздің екі аяғыңыз аман болсын.   

Әлішер Өмірзақ «Біздің уақыт»