Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жоспарлы түрде іске асуы енді «Nur Otan» партиясының бақылауында болады

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2019
  • 2711

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жоспарлы түрде іске асуы енді «Nur Otan» партиясының бақылауында болады. Алдағы уақытта аталған бағдарламаның көкжиегін кеңейтіп, нәтижелі түрде жұмыс істеуіне партияның мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың іске асуын бақылау және тиімділігіне баға беру орталығы ат салысады. Осы мақсатта бүгін ерекеше форматта бизнес және тиісті министрліктер өкілдерімен кездесу өтті. Онда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеткен жетістіктер мен кемшін тұстар талқыға түсті. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осынша жылда қыруар қаражат бөлініп келген бағдарламаның жыл сайынғы көрсеткіштері көңіл көншітпейтінін айтты. Әсіресе жаңа жұмыс орындарын құру қарқыны тұралап қалған.  

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Миллиардтаған қаржы жұмсалып жатыр. Осы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 400 млрд теңге бөлінген көрінеді. Ал, жылына тек 10 мың жұмыс орны құрылған. Сонда бұл бағдарлама тек осы көлемде ғана жұмыс орнын құруға арналған ба? Бұл жеткіліксіз екені айдан анық қой. Алдағы уақытта қордаланған мәселелерді бизнес өкілдерімен бірлесе отырып шешу керек.  

Бағдарламаның басты мақсаты - аймақтық кәсіпкерліктің тұрақты әрі теңгерімді өсуін қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтап, жаңа қызмет орындарын ашу. Жиынға қатысқан Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов келтірген сандарға көз жүгіртсек. 2015-2018 жылдар аралығында бағдарлама аясында 210 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде 13 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетілген. Ал, жыл сайын 10 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде бағдарлама арқылы орта есеппен 3,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, қазынаға жылына 175 млрд теңге салық түскен.  

Н. Біләл