Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер киім тігіп, оны экспорттап отыр

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2019
  • 4628

Алматы облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер тапсырысқа киім тігіп, оны Исландияға жөнелткен. 1 жарым ай бұрын 300-ге жуық спорттық киім, одан бөлек іскерлерге арналған костюмдер дайындаған. Бір қызығы мұндағы тігіншілердің барлығы ер адамдар. Олжас Нұржақыптың репортажы.  

Алматы маңындағы мына түрме бір қарағанда тігін цехына ұқсайды. Таңмен қосылған машиналар дыбысы кешке дейін тоқтамайды. Бұрындары көлік жүргізушісі болған Болатжан Кәрібжанов, қазір бір кісідей үлкен тапсырысқа үлес қосып келеді. Темір торға 2 жыл бұрын қамалған, осында тігін мамандығын оқып үйренгенін айтты. Соның арқасында жұмысқа орналасыпты.  

Болатжан КӘРІБЖАНОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: 

Жаңа машинелер, жұмыс істеп жатырмыз қазір. Алып келген заказдарды орын-орынмен атқарып отырмыз. Спецкиімдер тігеміз. Электриктердікі. Сондай киімдерді тігіп жатырмыз. Қиын емес. Бәрі жақсы. Үйрендік ақырын-ақырын.

Цехтағы жұмыс сапасына жазасын өтеуші Алмас Басшығұлов жауапты. Ол тігін машинасына 4 жыл бұрын отырған. Азды-көпті тәжірбиесі бар. Ол болашақта өз алдына цех ашуды да жоспарлап қойыпты.  

Алмас БАСШЫҒҰЛОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: 

Жазамды өтеп шықсам міндетті түрде өз цехымды ашуға күш саламын. Осында жинаған тәжірибемді бостандықта жүзеге асыруға тырысамын. Жұмысым жүріп жатса, осы жерде өзіммен бірге жазасын өтеп шыққан азаматтарды жұмысқа тарту да жоспарда бар. Алғашында өзімізге мынадай киімдер тіккенбіз. Қазір брендтік киім үлгісінің тапсырысын орындап отырмыз.

Ал, түрме менеджері мұнда тігілген киімдер сұраныссыз қалмайтынына сенімді. Тек Қазақстандық компаниялар ғана емес, шетелге ұсына аламыз дейді. Жуырда спорттық және іскерлерге арналған 300-ге жуық киім Исландияға жіберілгенін айтты.   

Сергей ОГАЙ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ 155/8 ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНІҢ ӘКІМШІЛІК БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ: 

Олардың жұмысында ешқашан кемшілік болған емес. Бір отырғаннан талапқа сай киім үлгісін тігіп шығады. 18 наурыздан бері 3 тапсырысты орындап үлгердік. Бізде қол күші аз. 20 шақты тігінші. Сондықтан тапсырысты аз мөлшерде алып отырмыз. Бірақ, мұнда 100 адамды жұмыспен қамтуға қауқарымыз жетеді.

Владимир ВОЛКОВ, ТІГІН ФАБРИКАСЫНЫҢ САТУ БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ: 

Исландиямен келісім бар. Ол жақтан тапсырыс жылына екі рет беріледі. Біз осы фабрикада талапқа сай киім үлгісін тігіп, дайын болғанда нарыққа жібереміз.

Түзеу мекемесінің басшылығы тігінмен айналысып отырған 20-ға жуық жазасын өтеушіге еңбекақы төлеп отырғандарын айтты. Ендігі міндет - тігіншілердің санын көбейту. Өйткені жазда исландиялық кәсіпкерлер тағы тапсырыс беруге ниетті көрінеді.   

О. Нұржақып