Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде Қазан ауылының тұрғындары сатқан сүттерінің ақысын ала алмай отыр

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2019
  • 4010

Ақтөбе облысының Қазан ауылының тұрғындары былтыр жазда өткізген сүттерінің ақшасын даулап жүр. Олар сүтті қабылдаған «Ұлттық эко өнім» кооперативінен шамамен 2 миллион теңге алашағымыз бар деп отыр. Тараптарды тыңдап қайтқан Бақыт Рахметова мәселенің анық-қанығын баяндайды.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Мәртөк ауданы Қазан ауылының тұрғындары өздерінің ала жаздайғы адал еңбектерінің ақысын ала алмай отыр. Сүт қабылдаушылар әр отбасыға 28 мыңнан 200 мыңға дейін бережақ дегеннің өзіңде ауылға қарызы екі миллионға дейін жетіп қалған.

Жергілікті тұрғын Любовь Литвишко қорадағы екі сиырдың сүтіне тәуелді. Соны сатып тамақ алады, малға азық тіпті коммуналды қызмет ақысын да төлейді. Былтыр сүттің литрін 80 теңгеден өткізіп, оған түскен ақшаға немерелеріне киім алмақшы болыпты. Басында екі апта сайын ақшаларын алып отырған жұрт кейін жағдайдың ушыққанын айтады.    

Любовь ЛИТВИШКО, ҚАЗАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мал азығы да қымбат. Бидай тоннасы 75 мың теңге тұрады. Шөпті 45 мыңға сатып аламыз. Бірақ оны алатын бізде айлық жоқ. Осы азықты алатын ақша жоқ. Біз тек сатқан сүтімізге үміт артамыз. Үйдің жарығы, суын төлеу керекпін осы тұрғанда.

Мұнда 130 отбасы бар. Қазан ауылындағы тұрғындардың басым бөлігінің күнкөрісі - осы. Олар «Ұлттық эко өнім» мекемесіне былтыр тек маусым, шілде айларында ғана сүт тапсырған. Қазір мекеменің тұрғындарға қарызы екі миллион теңгеге жетті деп отыр.   

Валентина КРУМ, ҚАЗАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бізден өнімді алып кетті. Бірақ бір жылдан бері ақшамызды бермей келеді. Сұрасақ ертең беретін болады. Менің өзіме жүз мыңнан астам қарызы бар. Біз сонда қалай күн көрмекпіз. Біздің де отбасымыз, балаларымыз бар.

Бұл мекемені халық сотқа да бере алмай отыр. Өйткені тұрғындардың қолында өнімді тапсырғанын растайтын ешқандай құжат жоқ. Халық тек келісім-шарт негізінде ғана осы күнге дейін сүт тапсырып келген.  

Әлима КУЖИЕВА, «ҰЛТТЫҚ ЭКО ӨНІМ» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Біздер қарыздан толық құтылуды жоспарлап отырмыз. Осы аптада ақша түсу керек. Шаруа қожалығы басшыларымен сөйлестім. Ешқандай кестені күтпестен осы аптада қарызды қайтаруға тырысамыз.

Бұл мекеме Қазан ауылынан бөлек, Аққайың елді мекен тұрғындарына да сүттің ақысын бермеген. Жергілікті билік жағдайға қанық. Олар кәсіпкермен қарызды кесте бойынша бөліп қайтару туралы келісімге келген. Дегенмен халыққа басқа да жағдай жасап отырмыз дейді.     

Исатай ЕСПАҒАМБЕТОВ, МӘРТӨК АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Былтыр Аққайың ауылында сүт өңдеу кішігірім цехы ашылды. Қазір олар күніне 5 мың литр сүтке дейін өңдіруге шамасы бар. Атап айтқанда сол жаққа сүт тапсыра алады. Біз келісім жүргіздік.

Қарызын ала алмай отырған 40-қа жуық отбасы бар. Енді олар облыстық прокуратураға арызданбақ. Еске салсақ, бұған дейін де аталған компания Қаратаусай ауылы тұрғындарынан сүт жинап, ақшасын бермей кеткен еді. Кейін айқай-шудан соң ғана 1 миллион теңгеден аса қаржатты қайтарған болатын.  

Б. Рахметова