Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қазақстан темір жолы» астық тасымалына техникалық тұрғыда сақадай сай

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2017
  • 4080

Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК өкілдері жиналған астықты ел ішінде тасымалдауға, сондай-ақ экспортқа шығаруға техникалық тұрғыда сақадай сай екенін мәлімдеді. Бидай тасымалдайтын 9700 вагон бар. Тек аймақтарда жүкті тиеу 2 тәуліктен 5 тәулікке дейін, кей өңірлерде тіпті 15 тәулікке дейін кешігіп жатыр дейді. Салдарынан вагон жетіспеушілігі орын алған. «Қазақстан темір жолы» ҰК басшысы Қанат Алпысбаевтың төрағалығымен өткен жиында тараптар бас қосып, іске нақты не кедергі болып жатқанын талқылады.

Биыл Қазақстанда 20 млн тоннаға жуық астық жиналған. Енді өнімді әдеттегідей экспорттау жұмыстары басталды. Ішкі сұранысты толық қанағаттандырған соң жүзеге асатын шарада жүйелілік болмай тұр. Жүкті жөнелтушілер мен қабылдап алушылардың арасындағы келісімнің дұрыс жүрмеуі салдарынан кейбір порттарға вагондар жөнелтілмей қалған. Транспорттық қызмет көрсетудегі қиындықтар осыдан туындапты.

Қанат Алпысбаев, "Қазақстан темір жолы ҰК" АҚ басшысы:

Порттардан бидайды дер кезінде түсіріп алмау салдарынан, біздегі бар ақпар бойынша, 1 100 вагон қаңтарылып тұр. Мұны түсіру сіздер келісім жасасқан агенттерге тиесілі. Бірақ біз оларға ештеңе дей алмаймыз. Осы уақытқа дейін бір вагон онда екі рет барып келер еді. 

«Қазақстан темір жолы жүк тасымалы» АҚ басшылығының ақпарынша, астық таситын 9 700 вагон бар. Кәсіпкерлер 1 млн 2 жүз мың тонна өнімді тасымалдауға өтініш берген. Оның 836 мың тоннасы экспортқа шығарылмақ. Осы айда 800 мың тонна астық тасымалдау жоспарланған. Егер жұмыс жоспарға сай жүрсе, ай-сайын 1 млн тоннаға дейін астық таситын мүмкіндік бар. Жиынға «KTZ Express Shipping» серіктестігі, «Ақбидай Терминал» мен «Астық Транс» АҚ-ның астық трейдерлері мен вагон операторлары қатысып, өз мәселелерін ортаға салды. 

Рамазан Айғайбеков, «Астық-транс» АҚ президенті:

Ақтау порты арқылы Иранға жөнелтілетін астық портта тұрып қалды. Әрі қарай  экспедиторлар немесе тауарды қабылдап алушылар айналысуы керек. Олардың өз кемелері жоқ. Ираннан кеме келгенше күтеді. Салдарынан 1110 вагон қаңтарылып тұр. 610 вагон «Астық-транстың» меншігінде. 

Компания басшысы кәсіпкерлермен қатар трейдерлер де қатысатын осындай жиын барлық аймақтарда өткізілетінін мәлімдеді. Ұлттық жүк тасымалдаушы компания тараптармен тиімді диалог құрып, жаңа маусымның астығын сапалы түрде жекізуге әр кез дайын екенін айтты

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ