Русский Сайттың толық нұсқасы

Дәрігер «қаныңыз көп» дей ме? Дәрігерлердің біліксіздігі жайлы

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2019
  • 5853

Жақында Шымкент қаласында медбикенің балаға клизманы қайнап тұрғын сумен жасағанынан кейін дәрігерлердің білігі туралы тағы ойлануға тура келді. Дәрігерлердің салғырттығы, жауапсыздығы және ең қорқыныштысы – біліксіздігінен ауруы асқынған адамдар бар. Оралдық Нұрлыбек Хамзин аяқ астынан мүгедек болып қалған. «Дәрігердің кесірінен» деп арызданып барғанда, прокурорлар мазақтағандай кейіп танытқан. Ал медициналық қызмет сапасына көңілі толмаған БҚО тұрғындары былтыр 300 дей шағым жазған. Оралдан Еркін Кариннің материалы.  

 Мына дәрінің түрін қараңдар, бұл дәрі 2016-ның қарашасында шыққан, енді срогы өтіп кеткен дәріні дәрігер маған 3500-ге сатып жатыр. Бұл жақсы дәрі, саған жаман дәрі бермеймін дейді. Сыртқы қағазын да өзгертіп қойған, масқара ғой мынау... 

Дәрінің мерзімі әлдеқашан өтіп кеткенін Амандық кейін байқапты. Бірақ бұл кезде екпенің уыты бойына тарап үлгірген, бәрі де кеш еді. Осылайша Сарыағаштағы шипажайлардың біріне тынығуға барған жігіт төсекке таңылып, денсаулығы нашарлады. Қазір қан қысымы жиі көтерілетін болған. Шипажайда массаж жасатамын деп белінен шойырылғаны тағы бар. Тепсе темір үзер жігіт аяқ астынан ауру жамап алып, науқастардың қатарына қосылды. Енді дәрігер жағалауға мәжбүр. 

Амандық ДАУЫТОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Арқамнан массаж жасап жатқан кезде қолымен қатты басып қалып, менің омыртқамның дискісін қозғап жіберді. Ол сол жерде ет қызуымен білінбеді. Қазір жиі басым ауырады. Бұрынғыдай жұмыс істеуге талпыныс жоқ. Төбемізде Алламыз бар ғой, өтірік айтып қайтейін, бұған дейін болмаған дүние осы Шымкентке барып келгеннен кейін пайда болды.

Ал мамандар шипажайға бармастан бұрын міндетті түрде дәрігерге тексерілу керек дейді. Әйтпесе мұндай жағдай әлі талай қайталанады.  

Ардақ МҰҚАНОВА, БҚО ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бұрын әрбір адамды санаторийге жіберерде толық тексерістен өткізетін. Показание бар ма, жоқ па деп қарап жіберетін. Басқа кісілер санаторийге бара алмайтын. Ал қазір санаторийге кез-келген адам жолдаманы сатып алады да, жүре береді. Санаторийге барып, балшық әлде ванна қабылдағанда, ол кісінің елеусіз аурулары болады ғой, анау соны қоздырып жібереді. Білмейді ғой жұрттар, бара салады. Барғанда давлениесі жәйлап көтеріліп тұрады, ол оны білген жоқ қой. Сондықтан болады.

Кішкентай немерем бар, сол шыңғырып жылады екі көзінен жасы сорғалап, енді ылғи қан құсып жүремін, «Ата, олай ауырмашы, олай ауырмашы», - мен қорқамын дейді.

Нұрлыбек те екі иығына екі адам мінгендей еңселі жігіт еді. Осыдан екі жыл бұрын дәрігерлер жүрегінен ақау тауыпты. Кейін ота жасалып, жүрегіне механикалық клапан орнатылады. Бірақ отадан кейін де жағдайы оңалмады. Пышақ тиген жердің жарақаты жазылмай, ақыры инсульт алды. Қазір бір аяқ, бір қолын әрең қозғайды.

Нұрлыбек ХАМЗИН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

"Аға, сізде қан көп болып тұр ғой, Қазтуғановтың кесірі емес, клапаннан емес, неге мұсылмандарға барып қан тапсырмайсыз?"- деді. Тап солай деді.

Кенеттен қаріп боп қалған жігіт жұмысын жалғастыру түгілі, мүгедектігі үшін берілер жәрдемақының өзін бір жыл жүріп әрең рәсімдеген. Бұрын жүздеген мың теңге табыс тауып, отбасын асыраған азамат енді 40 мың теңге зейнетақымен жан бағып отыр. Өзінің осындай күйге түскенін Нұрлыбек дәрігерлердің олақтығынан көреді.

Нұрлыбек ХАМЗИН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен өзім 2016-2017 де екі жыл қатарынан жаттым. Сонда қаншама адамды көрдім өліп жатқан. Он шақты адамды өзімнің көргенім. Бала-шағасы, жолдастары келіп, еңіреп жылап тұрады: «Кеше шауып жүрді. Біз өледі деп ойлаған жоқпыз ғой, не болды?»,- дегенде айтатын жауаптары біреу: «Жүрегі көтере алмай қалған болар. Алла қуат берсін!»,- дейді де, бұрылып алып кетіп қалады. Мен Астана қаласында жылап отырған бір де бір адамды көрген жоқпын, жылап отырған.

Әділдік іздеген жігіт ағасы құзырлы органдардың талайының табалдырығын тоздырып, тауы шағылды. Ат арытып, Астанаға барғанда ғана отаның дұрыс жасалмағанын біліпті. Бірақ бұл жолы да бәрі кеш еді.

 Кардиохирургқа кіріп шықтым, консультация алайын деп. Кіріп, қағаздарымды көрсеттім. Сондағы айтқаны: «Операцияны не үшін жасаттыңыз дейді. Не үшін жасаттыңыз операцияны? Сізге операцияны жасамауға болатын еді ғой»,- дейді, Астанадағылар: «Аға, сізге клапанды дұрыс салмаған. Сіздің мына бойыңыз бен салмағыңызға сәйкес келмейтін кішкентай клапан салған. Мына инсульт, бәрін қолдан жасап отырған адам ғой Қазтуғановыңыз. Қалай хирург болып отыр? Заңға тартылды ма?»,- дейді. Мен айтамын: «Жоқ, Оралда бір жыл болды. Прокуратура, бәрі жауып тастайды».

Мына прокуратураның бәрінің берген қағаздары менде бар. Ертең сотқа барайын деп отырмын, енді соттан ештеме шықпаса, до конца барамын, бір жағынан тесіп шығайын деп отырмын.

Дәрігерлік қызметте кінәрат барын тексеруші мамандар да мойындайды. 2017 жылы бұл қызметке көңілі толмағандардан 190 арыз түссе, былтыр шағымдар еселеп көбейіп, 290-ға жеткен. Бірақ екі дәрігер ғана жауапқа тартылып, айыппұлмен құтылған. Полицияға жолданған 15 арыз әлі тексеріліп жатыр. Ал биыл 75 адам шағымданыпты.

Нұрлыбек МҰСТАЕВ, БҚО ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Медицина қызметкерлерінің толығымен лабораторлық зерттеулерді өткізбеуі, мысалы, қан қысымын өлшейді де, қалған биохимиялық зерттеулерді өткізбей қалады. Тағы да бір жиі кездесетіні – медициналық қызметкерлер науқасты жатқызудан бас тартады немесе қажетті стационарға жатқызу үшін жолдама бермейді. Әлде науқасты уақытылы жолдамауы да мүмкін. Науқастың халі ауырлағаннан кейін жолдауы да мүмкін.

Заңгерлер дамыған елдердің де дәрігерлері жиі қателеседі дейді. Мәселен, алпауыт АҚШ-тың өзінде жыл сайын 2 миллиондай адам шағымданса, Ұлыбританияда дұрыс ем алмаған 40 мың адам жыл сайын көз жұмады. Ал қателескен дәрігерлер айыппұлмен құтылмайды, қызметінен қуылып, тіпті сотталып та жатады. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деп жақауратқанымызбен, әр қателіктің артында таразыға түскен адам тағдыры тұр. Сондықтан қателік демейікші, салғырттыққа да жол жоқ. Бірақ мұның өзін дәлелдеу оңай емес.

Нұрлыбек МҰСТАЕВ, БҚО ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ауруханаға келгеннен бастап, емделіп шыққанға дейін дұрыс қарап, уақытылы қарап, тиісті емін уақытылы алса, мұндай кемшілік болады деп ойламаймын. Мысалы, сізді келіп жылы қарсы алып, барлық деңгейде жағдайын жасап отырса, науқастар бізге де келмейтін шығар өтініштерімен.

Қазіргі Қылмыстық кодексте дәрігерлік қызметке байланысты бірнеше бап бар. Мұнда «Ме¬д謬ци¬на немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы салдарынан адам денсаулығына зиян келсе, бір жылға дейiн белгiлi бiр лауазымды атқара алмайды немесе 200 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде айыппұл салынады. Немесе жауапты тұлғаның қоғамдық жұмысқа тартылуы әлде екі айға қамалуы мүмкін» деп көрсетілген. Ал заңгерлер осы бапты әлі тәптіштеп, нақтылау керек дейді.

Павел КОЧЕТКОВ, ЗАҢГЕР:

Дәрігердің салғырттығын немесе біліксіздігін теріске шығаруға болмайды. Дегенмен оның өзін дәлелдеу оңай шаруа емес. Өйткені жіберген қателікті мойындап түзетудің орнына кейбір емдеу мекемелері қарсы соттасып жатады. Шетелде дәрі¬герлік қателікті анықтайтын маманданған медициналық соттар жұмыс істейді, ал бізде мұндай органдар жоқ.

«Басты байлық – денсаулық, ең бастысы – амандық» деп... арақ-шарап ішіп отыратын елде денсаулыққа деген көзқарастың шын мәнінде қандай екені белгілі. Сонымен бірге өзімізге өзіміз диагноз қойғыш «таланттымыз». Кезек күтудің азабы мен ақылы қызметтің қымбаттығын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен өз бетімен емделіп, жасаған ем-домын дәрігерден жа¬сырғандардың ауруын тап басып айту оңай емес. Сондықтан азаматтардың скринингтік тексерулерден уақытылы өтіп, өз саулығына ең алдымен өзі жауапты екенін түсінгені жөн. Бұл - дәрігер пікірі.

Айнұр ЖАНТЕШЕВА, САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУ КАБИНЕТІНІҢ ДӘРІГЕРІ:

Қателесуі мүмкін кез-келген сала маманы. Оның ішінде дәрігерге келгенде науқас өзінің қай жері ауыратынын, қалай ауыратынын, қай уақыттан бастап ауыратынын нақтылап айтуы керек. Ол дәрігердің де уақытын алмайды, артынан күтіп тұрған науқастың да уақытын алмайды. Екіншіден, науқастар алдын-ала интернет желісі арқылы ақпарат алып келеді де, дәрігерге: «Ал мен мына жерден былай оқып едім, мына жерде былай болады екен, мына жерде былай болады екен», - деп әртүрлі жағдайларды айтып, өздерінің ауруларына қатысы жоқ мағлұматтармен кішкене дәрігерді шатастырып жіберуі мүмкін.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 23 мыңнан астам адам мүгедек ретінде тіркелген. Бұл жергілікті тұрғындардың 3,7 пайызы.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Егер жазған қағазыңыздан қате кетсе, оны өшіріп немесе таза параққа қайта жазасыз. Ал дәрігерлер саперлер секілді, оларға да қателесуге болмайды. Өйткені әр қателіктің, әрбір сәтсіздіктің артында адам тағдыры, оның жақын-жуықтарының көз жасы мен наласы тұр. Сондықтан дертке дауа іздеп, дәрігерге жүгінген кезде көңілде күмәннан гөрі сенім басым болса ғой дейсің. Жақында ғана шымкенттік медбикенің клизма жасаймын деп сәбидің тікішегінен ыстық су құйып жібергені мәлім. Медицина саласында өзекті өртейтін жайт аз емес. Жалпы, дәрігерлерге байланысты «дым білмейді» деген сөз мүлдем айтылмауы керек деп ойлаймыз. Ал бізде сирек айтылмайды...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»