Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстанда әлі де бидай жеткізуде қиындық бар

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2017
  • 5586

Оңтүстікте астық тапшылығы мәселесі шешімін таппай тұр. Бидай бар, тек сол өнімді жеткізу қиынға соғуда,- дейді диірмен қожайындары. Ал жүк тасымалына жауаптылар негізгі сұраныстың мүмкіндігінше өтеліп жатқанын алға тартады. Мәселенің  мән-жайын Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Кәсіпкерлер астық тасымалындағы қиындықтар айдың басында байқалғанын айтады. Бидайдың ақысы төленгенімен, Оңтүстікке жеткізуге мүмкіндік жоқ. Вагон тапшылығынан астықты өңдеуші кәсіпорындар тоқтай бастаған.

Шымкенттегі ұн өнімдерін шығаратын «Алтын дән» кәсіпорны, келісілген астықтың уақытылы жеткізілмеуінен, жұмысты екі есеге азайтқан. Қазанда небәрі отыз вагондай астық қабылданыпты, ал күнделікті керегі - 15 вагон. Соңғы екі аптада бес жүздей жұмысшы ақысыз еңбек демалысына жіберілген. 

Болат Бейсембаев,  «Алтын дән» ЖШС директорының орынбасары:

1 диірмен 1 ай болды тоқтап тұрғанына, оның кесірінен арғы жағында тұрған макарон цехы тоқтады. Қазір бізде 2 күндік, үш күндік  жұмыс қалды, бидай. Сонымен ол да тоқтайды. 

Облыстағы 70-ке тарта ұн өндіретін кәсіпорынның барлығы астық тапшылығымен бетпе- бет келіп отыр. 

Жанна Зубарева, «GRAIN HOUSE-555» ЖШС бас директоры:

Бүгін жұмысты тоқтаттық. Бидай жоқ. Жолда 10 вагон келе жатыр. Ал элеваторда 11 мың тонна астық тұр, ақшасы төленген. Біз шығынға батып жатырмыз, өйткені бидай жоқ деп жұмысшыларды мәжбүрлі демалысқа жібере алмаймыз. Несиеміз тағы бар.

Ұн өндірушілер, астық мерзімінде жеткізілмесе, аймақта ұн қымбаттап, нан бағасы көтерілуі мүмкін екенін, алға тартады. Әзірге тартылған ұннан алынатын мал азығының құны ғана өскен. 

Бахарам Абдукаримов, «Алтын дән» ЖШС директоры:

Кебектің, жемнің бағалары көтеріліп жатыр. Өйткені переработка жоқ. Қанша біздің облысқа жем керек, сонша жемді шығара алмай жатырмыз. Себебі біз қазіргі күнге дейін толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқпыз. 50 пайызға жұмыс істеп жатырмыз. 

Осы мәселеге орай «Қазақстан темір жолы - жүк тасымалы» АҚ арнайы жиын өткізді. Кәсіпкерлерге мән-жайды түсіндірді. Тасымалға жауапты «Астық-транс» компаниясы басшысының айтуынша, бар гәп сыртқы сұраныстың артуында 

Рамазан Айғайбеков, «Астық-транс» АҚ президенті:

Экспортқа өнімді көптеп жіберу қиындықтың туындауына себеп болды. Өнімнің сыртқа сатылғаны, әрине, құптарлық. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда біздің астыққа сұраныс артқан. Биылдан бастап Әзірбайжан, Ресей мемлекеттеріне де экспортталып жатыр. Есесіне вагонға қажеттілік өсті. Бірақ ішкі сұранысты да ұмытқанымыз жоқ.

Тасымалдаушылар апта соңына қарай қиындық толық шешілетінін айтты. Қараша мен желтоқсан айында астық тасымалында іркіліс болмайды деп сендіріп отыр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

«Қазақстан темір жолы - жүк тасымалы» мекемесі басшылығының мәліметінше, дәл қазір 400 вагон астық жолда келе жатыр. Өңірдің ұн өндірушілері бүгін «Астық-Транс» мекемесімен арнайы меморандумға қол қойды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ