Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында қорлық көрген үш қыздың әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін - БҒМ

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2019
  • 4321

Түркістан облысында қорлық көрген үш қыздың әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін. Білім және ғылым министрлігі осыны талап ететін болады. Мұны Үкімет қабырғасында министр Күләш Шамшидинова айтты. Дегенмен, соңғы шешімді сот шығарады. Өгей шешенің қорлығын көрген үш қыз әлі де ауруханада. Оларды өгей шешесі түрлі әдіспен, тіпті, тістеуікпен қорлады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Балалардың әкесіне қатысты іс ашылған. Мәселені Бас прокуратура мамандары мен балалар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен қарап жатыр.  

Күләш ШӘМШИДИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ: 

Ең қорқыныштысы - балаларды өзгелерден ғана емес, ата-анасы мен жақындарынан да қорғауға тура келеді. Сондықтан қазір Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, сынып жетекшілері мен мұғалімдерге арналған қысқамерзімді курс ұйымдастырмақпыз. Олар үйдегі зорлық-зомбылық белгілерін біле алатындай болуы тиіс.

Апалы-сіңлілі қыздар Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына өткізілді. Олар тергеу жұмыстары аяқталғанға дейін осында болады. Дегенмен, орталықтағылар жасөспірімдермен жолығуға келісім бермеді. Айтуларынша демалыс күні жаңа орынға жайғасқан қыздар біртіндеп ортаға бейімделіп келеді.  

Назгүл ҚҰРМАНӘЛИЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазіргі жағдайда денсаулығы, жеке әлеуметтік жағдайы барлығы бірқалыпты жақсы. Орталыққа бейімделулері бірқалыпты. Оқу тәрбиелік, психологиялық-әлеуметтік көмектердің барлығы көрсетілуде. Тамаққа деген тәбеттері де ашыла бастады. Басқа балалармен және орталық қызметкерлерімен қарым-қатынасы жақсы.   

Г. Меңдеева