«Nur Otan» партиясы атынан Президенттік сайлауға түсетін кандидаттың есімі ертең белгілі болады. Бүгін бас партияның саяси кеңесі- кезектен тыс XIX съездің күн тәртібін бекітті. Ондағы ең басты, әрі маңызды мәселе - Қазақстан Президенттігіне кандидат ұсыну. Үміткердің есімі ертең, жоғары басқарушы органның отырысында белгілі болмақ. Жарғы бойынша- нұротандықтар көпшілік дауыспен өз кандидатына дауыс беруі қажет.
Маңызды жиынның алдында саяси кеңес мүшелерімен бірге аймақтардан келген делегаттар да басқосты. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ірі саяси ұйымның экономикалық, әлеуметтік һәм рухани салаларда ауқымды жаңғыруы жалғаса беретінін атап өтті.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Алдымызда үлкен саяси науқан - Президент сайлауы тұр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл сайлауға біздің партиямыз да белсенді түрде қатысады. Соған байланысты ертең Елбасы, партия төрағасының қатысуымен партияның кезектен тыс XIX съезін өтеді.
Ауқымды шарадан нұротандықтар келешекке арналған партия жоспарын айқындайды. Осы арқылы елдің негізгі құндылығын сақтай отырып, «Nur Otan» саяси көшбасшылығын нығайтпақ ниетте.
Ұлжан БАЙБОСЫНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
Еліміздің дамуындағы бұл үлкен тарихи сәт деп есептеймін. Өйткені қазіргі таңда Елбасымыздың салып кеткен көрегенді саясатының әрі қарай жалғастығы партиялықтар үшін аса маңызды.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
«Nur Otan» партиясы ҚР-дағы саны жағынан да сапасы жағынан да ең үлкен партия болып табылады. Соған байланысты сайлауды жүргізуге біздің жоспарымыз бар. өзіміздің бағыт-бағдарымыз бар. өзіміздің күштеріміз бар. Соған байланысты біз сайлауды өткізуге дайынбыз деп ойлаймын.
Осыдан небары екі ай бұрын партия «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» ұзақ мерзімді бағдарламаны бекіткен. Игі бастаманы жүзеге асыру елде сол кезден-ақ басталып кетті. Мәселен, Ақтөбе облысында көпбалалы отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеңілдетілген несиесімен 10 пайыздық бастапқы жарна толығымен өтеп берілмек. Бұдан бөлек, биыл 3 мың адамға білім беріп, 5 мыңға жуық азаматты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр. Саяси кеңес мүшесі Айнұр Бақтығалиева бастысы міндетті толық орындау, дейді.
Айнұр БАҚТЫҒАЛИЕВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
Елбасы алдымызға маңызды міндет қойды. Бұл - біз жұмыс істеп жатқан 4 негізгі жоба. Ақтөбе облысына қатысты «Бақытты отбасы» жобасы аясында жыл соңына дейін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 720 пәтер беріледі. Жұмыс мұнымен аяқталмақ емес.
Саяси кеңес мүшелері кезектен тыс XIX съездің жұмыс органдары - Мандат, Есеп, редакция комиссиялары мен съез хатшылығының жеке құрамдарын ұсынды. Күн тәртібі бірауыздан бекітілді.
А. Бектас