Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы хайуанаттар бағының жап-жас ветеринар дәрігері 300-ге жуық жануарды емдеген

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2019
  • 3352

Алматы хайуанаттар бағының жас ветеринар дәрігері қатерлі ісікке шалдыққан жыланды аман алып қалыпты. Барфин Ахмадтың зообаққа жұмысқа орналасқанына 2 жыл ғана болған. Осы уақыт аралығында бойжеткен үш жүзге жуық жануарға көмек көрсеткен. Соның ішінде ең ауыры әрі ең қауіптісі жаман ауру дендеген жыланға жасалған ота, дейді. Әріптесім Олжас Нұржақып жас маманмен тілдесіп қайтты.  

Барфин Ахмад жануарлардың әсіресе экзотикалық түрлеріне келгенде бойына қорқыныш ұялайтынын айтады. Жыландардың мінезі бір-біріне ұқсамайды. Кейде жап-жақсы қабылдаса, ал кей күні мүлде жанына жолатпайды, дейді.  

Барфин АХМАД, АЛМАТЫ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ВЕТЕРИНАР ДӘРІГЕРІ: 

Мұндағы жануарларға ақырындап етім үйреніп келеді. Олардың мінез-құлқын білу үшін тәлімгерімнің әрекетін бақылаймын. Одан кейін соны өзім істеп шығуға тырысамын. Алғаш жұмысқа тұрғанымда қатты қиналдым. Өйткені, қорықтым. Тілін білмейтін жануарды емдеуің қажет. Ең бастысы бойдағы қорқынышты жеңе білу керек.

Бойжеткеннің айтуынша, бұл мамандықты таңдауға жануарларға деген сүйінспеншілік себеп болған. Оның үстіне биолог атасының зерттеулері қызықтырыпты. Арман қуып жоғарғы оқу орнында түсіп, білімін жетілдірген.  

Барфин АХМАД, АЛМАТЫ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ВЕТЕРИНАР ДӘРІГЕРІ: 

Алғашында қара жұмыс істедім. Жануарлар тұратын орындарды тазалап, еденін де жудым. Сол кезде ветеринар дәрігерлердің жұмысына қарап қатты қызығатынмын. Қазір ветеринар болып істеп жүрмін. Дегенмен, оңай емес екен. Ең ауыры ол жыланның қауіпті ісігін алып тастаған операциямыз болды.

Жалпы хайуанаттар бағында 9 ветеринар дәрігер бар екен. Зообақ басшылығының айтуынша жоғары оқу орындарында саланы кеңінен игерген ветеринарлар дайындамайды.   

Айбол КУДЕРИН, АЛМАТЫ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ЗООВЕТЕРИНАРЛЫҚ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жоғары білім орындарында бізде осы нақты хайуанаттар бағында қызмет істейтін ветеринарлық мамандарды дайындамайды. Сондықтан, біздің мамандарымыз тек қана осында келіп, осында тәжірибе алып, күнделікті адамдармен ақылдасып, малдың артынан бақылап жүріп содан жақсы маман болмаса, арнайы адамдар дайындалмайды. Сол жағы қиындау.

Бақ басшысы аға буын бар білгенән жас мамандарға үйретіп келе жатқанын айтады. Барфин Ахмад зеректігімен аз уақытта көп нәрсені үйреніп, келешекте өзі де аға буынның орнын басады деп сенеді.  

О. Нұржақып