Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінен тапсырған сынақтан сүрінбей өтті. Бұл туралы лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков мәлімдеді. «Nur Otan» партиясы атынан додаға түскен үміткер мемлекеттік тілді толық меңгергендігін дәлелдеу үшін 1 сағат көлемінде 2 бет шығарма жазып, 3 бет үзінді оқып, кейіннен 15 минут көлемінде сөз сөйлеуі тиіс болған. Барлық тапсырмаларды уақытынан ерте 2 сағат ішінде орындап шықты. Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті де, университетті де орыс тілінде тәмәмдаған.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ:
Жазба жұмысын жазғанда Абайдың поэзиясы, қара сөздері, оның жалпы халыққа беретін маңызы туралы өте терең жазған. Өте әдемі жұмыс. Біз бұл жұмыстан бірде-бір қате көргеніміз жоқ. Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» дейтін әңгімелер мен хикаяттар жинағын өзі таңдап алып үш бетін оқыды. Мәнерлеп, ырғағымен өте әдемі оқып берді. Осыған біз таңқалдық. Ал «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» жайында кең толғады, терең сөйледі. Жалпы біздің лингвистикалық комиссияның берген қорытындысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген.
Ә. Өмірзақ