Русский Сайттың толық нұсқасы

Д. Еспаева Президенттікке үміткер алғашқы әйел атанды

  • AstanaTV
  • 24 сәуір 2019
  • 4180

Дәния Еспаева Президенттікке үміткер алғашқы әйел атанды. Енді Мәжіліс депутаты «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан саяси додаға қатысады. Бұл туралы партияның кезектен тыс XV съезінде белгілі болды.  

Құрылтайда 6 үміткер өз кандидатурасын ұсынды. Ашық әрі құпия дауыс беру арқылы «Ақ жол» бір кандидатты бекітті. Дәния Еспаева. 58 жастағы экс-банкир. 2016 жылдан бері Мәжіліс депутаты. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық КСРО Мемлекеттік банк басқармасы несие беру бөлімінде экономист қызметінен бастаған. Оның қаржы саласындағы терең тәжірибесін Азат Перуашев те ерекше атап өтті.

Азат ПЕРУАШЕВ, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Ақтөбе облысындағы жаңа кәсіпкерлердің 70 пайызы ең алғашқы несиені Дәнияның қолынан алған. Ал Ақтөбе облысы шикізат шығаратын аймақтар арасындағы ең жақсы даму көрсеткіштерін көрсетіп отыр. Банктің иелерімен сөйлескен кезде олар жылады: ең мықты банкирімізді алып кетіп отырсың деп.

Дауыс беру кезінде 190 делегаттың 49,5 пайызы Дәния Еспаеваның кандидатурасын қолдаған. Оның басымдығы айқын болғандықтан, президиум мүшелері кеңесіп, келесі кезеңді өткізбеді. Сөйтіп, Дәния Еспаева партияның атынан президент сайлауына қатысатын алғашқы әйел атанды. 

Дәния ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:  

Тек аналардың ғана емес, әйел кәсіпкерлердің де мәселесі бүгінгі күні маңызды. Оларға ерлермен қатар еңбек ету оңайға түспейді. Сондықтан бұл салада еңбектеніп жүрген әйелдердің шешімін таппаған мәселесін қарау қажет.

Айта кетейік, «Ақ жол» партиясының съезіне 300-ден аса делегат қатысты. Басым бөлігі еліміздің әр аймағынан келген. Еске салайық, сайлау алдындағы үгіт насихат жұмыстары кандидаттарды тіркеу аяқталған соң 11 мамырда кешке басталып, 8 маусым түнгі сағат 12-де аяқталады. Ал сайлау 9 маусымда өтеді.   

А. Бектас