Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның сүт зауыттарына жабылып қалу қаупі төніп тұр-В. Кожевников

  • AstanaTV
  • 25 сәуір 2019
  • 3339

Қазақстанның сүт зауыттарына жабылып қалу қаупі төніп тұр. Бұған шикізат тапшылығы себеп, дейді сала мамандары. Қазақстан сүт одағының директоры Владимир Кожевниковтың айтуынша, шикізат жетіспеушілігі Кедендік одақ енгізген қатаң талаптарға байланысты пайда болуы мүмкін. Жаңа ереже келесі жылы бірінші қаңтардан бастап күшіне енбек. Егер жергілікті тауарлардың сапасы ортақ стандарттарға сәйкес келмесе, онда отандық нарықты шетел өнімдері басып алады, деп болжайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 5 миллион тонна сүт жиналса, оның 1.5 миллионы өндіріс ошақтарында қайта өңдеуден өтеді. Алайда, шикізаттың тең жартысы талапқа сәйкес келмейтін көрінеді. Сондықтан келесі жылдан бастап зауыттарға сапасыз сүтті қабылдауға тиым салынады. Қазір кәсіпорындардың басым бөлігі шикізаттың 70 пайызын үй шаруашылықтарынан сатып алып жүр. Ол жерде сүтті сақтау тәртібі мен оны жеткізуді бақылау мүмкін емес.  

Владимир КОЖЕВНИКОВ, ҚАЗАҚСТАН СҮТ ОДАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

2018 жылы сүттің әрбір екінші литрі үй шаруашылығында өндірілген. Кедендік одақтың талаптарына оның тек 10 пайызы ғана сәйкес келеді. Егер де шикізат тапшы болса, зауыттар тоқтап қалады немесе жұмыс аясын өзгертуге мәжбүр болады. Оның кесірі шаруаларға да тиеді.

Сүт дағдарысының алдын алу үшін мамандар кедендік одақтың техникалық регламентіне кезең-кезеңмен көшудің жол картасын әзірлеген. Бағдарлама сүтті қабылдаушыларды арнайы оқыту, шаруалармен тығыз қарым-қатынас орнату, сүтті сиырларды бақылауды қамтиды. Сарапшылар болашақта зауытқа қабылданбаған шикізаттың барлығы базарларда ауылдың сүті ретінде сатылуы мүмкін дейді.  

Сауле ЖАНКИНА, АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҰЙЫМЫМЕН КЕЛІСІМНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: 

Бізді ветеринарлық бақылау мәліметтерінің жоғы шошытады. Үй шаруашылығында өндірілген сүт тазаланған ба, арнайы сүзгіден өткізілген бе, белгілі температурада пісірілген бе? Осындай мәліметтер тапшы. Сүт одағы базарларда сатылған сүтті арнайы сараптамадан өткізді. Зерттеу жұмысының нәтижесінде оның құрамында антибиотиктер, таяқшалар мен зеңнің іздері анықталды.

Ә. Өмірзақ