Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласындағы балалар үйіндегі жетімекті канадалық ерлі-зайыптылар бауырына басты. Тағдыр тәлкегіне түскен тағы бір қыз бақытын Бельгиядан тауыпты. 9 мыңға тарта тұрғыны бар қала үшін шалғайдан келген шетелдіктердің бала асырап алуы үлкен жаңалық болып отыр. Бақытын басқа елден тапқан балалар туралы келесі материалда.
Осындағы балалар үйінде өскен Богдан қазір Канадада. Өзінің жеке бөлмесі бар, итімен бірге асыр сала ойнап жүр. Шетелдік ерлі-зайыптылар бауырына басқан балақайдың көңілді сәті түсірілген видеоның әр кадрын интернат мұғалімдері жатқа біледі. Канадалық ауқатты отбасының балалары әлдеқашан есейіп кеткен. Сосын сәби иісін аңсаған ерлі-зайыптылар асырауға берілетін балалар тізіміндегі Богданды бірден ұнатыпты.
Дина САПАРОВА, ШҚО СЕРЕБРЯНСК қ. ЕРЕКШЕ БІЛІМ АЛУ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕП ПЕДАГОГЫ:
Олар 30 күн осында болды. Баламен күніне 4 сағат айналысатын. Оларды сырттай бақылап, баланың жаңа ата-анасына үйренгеніне көз жеткіздік. Богдан екі аптадан кейін оларды «әкем, шешем» деп санады. Тіпті, солардың тілінде сөйлеуге тырысты.
Бірақ бала асырап алу оңай емес. Әсіресе шетелдіктер мұқият тексеріледі. Олардың анкетасындағы кез-келген кінәрат, мысалы айыппұлдың өзі баланы асырап алу мүмкіндігін бір жылға кері шегереді. Бұдан бөлек түрлі анықтамалар мен талдаулар тапсырады, тұрғын-жайы мен қаржылық жағдайы тексеріледі. Бірақ шетелдіктердің Серебрянскіден бала асырап алуы сирек жағдай.
Дина САПАРОВА, ШҚО СЕРЕБРЯНСК ҚАЛАСЫ ЕРЕКШЕ БІЛІМ АЛУ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕП ПЕДАГОГЫ:
10 жылғы тәжірибемде шетелдіктердің бала асырап алуы алғаш рет болып отыр. Шетел азаматтарының менталитеті мен тәртібі де бөлек. Бірақ канадалықтар бізге келген сайын балаларға түрлі тәттілер әкеліп, қуантады. Олардың осы жері қазақтарға ұқсайды.
Қазір балалар үйіндегі тағы бір балақайдың шетелге кетуі мүмкін. 7 жастағы Аришканың тағдырын сот шешеді. Сот рұқсат берсе, бүлдіршін жаңа ата-анасымен Бельгияға кетеді. Өкініштісі, отандастарымыз мүгедек балаларға көп қызықпайды. Ал бұған мән бермейтін шетелдіктер дамуында ауытқушылығы бар бүлдіршіндерді де жатсынбайды екен.
Гүлнар ДАНИЯРОВА, ӨСКЕМЕН қ. БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Шетелдік азаматтар ауыр науқасқа шалдыққан балаларды да асырап алудан қорықпайды. Олар мұндай балаларды еліне алып кетіп, сонда емдеп жазады. Бұл шетелдіктер үшін қалыпты жағдай.
Мысалы, қоянжырық болып туған мына балақайды Германиядан келген ерлі-зайыпты бүлдіршінді емдетіпті. Қазір құлан-таза жазылған. Тағы бір талап, шетелдіктер асырап алған баласының суретін жылына бір рет жібереді. Енді бірі асырап алған баласын отанына әкеледі екен. Ал жыл басынан бері Шығыс қазақстан сотында бала асырап алу туралы 11 іс қаралса, оның үшеуі шетелдіктерден түскен.
Е. Карин