Русский Сайттың толық нұсқасы

Партиялар мен бірлестіктердің үміткерлері

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2019
  • 3166

«Жері байлыққа толы Қазақстанда кедейлер болмауы тиіс, халық балаларын емдету үшін әлеуметтік желіде көмек сұрамауы керек». «Ақ жол» партиясының президент сайлауына кандидат ұсынатын съезінде партия төрағасы Азат Перуашев осылай дей келе, бұл жолы сайлауға түспейтінін, сайлауға түсетін кандидатты сайлау арқылы шешуді айтқан. Сөйтіп «Ақ жолдықтар» өз ішінде сайлау өткізіп, Дания Еспаеваны ұсынып отыр. Данияр Қайыртай жалғастырады.  

Партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің кандидат ұсынуға ертең кешкі сағат алтыға дейін әлі мүмкіндігі бар. Ал әзірге президенттіктен үміті бар 7 азамат Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізген.

Ең бірінші болып «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат – жазушы-журналист Сәдібек Түгелдің құжаттары қабылданды. Сәуірдің 24-і күні ол тіл емтиханын тапсырып, сүрінбей өтті. Басқаша болуы мүмкін де емес. Ал содан тура екі күннен кейін Сәдібек Түгелдің кандидатурасы бекітілді. Айтпақшы, бұл кісінің есімі «Сәді-Бек» болып, дефиспен бөлініп жазылады екен. Бұл енді біздің уақыттың тренді шығар...

Сосын «Nur Otan» партиясы ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев съезден соң бірден құжаттарын тапсырып, лингвистикалық комиссияның мақұлдауын да алды. Ал 25-і күні қазіргі президентіміздің кандидатурасы бар талапқа сай деп танылды. Тоқаев қолдаушыларынан қол жинауға кірісіп кетті.

Ал Қазақстан кәсіподақтарының федерациясы үкілеп, бәйгеге қосып отырғаны – Амангелді Таспихов. Бұл ұйым делегаттары Мұхтар Тінікеевті де ұсынбақшы еді, ол өз еркімен бас тартты. Онысын мемлекеттік тілді жетік білмейтіндігімен түсіндірді. Ал Амангелді Таспихов тіл емтиханынан құлаған жоқ. Лингивистикалық комиссияның мүшесі Әділ Ахметовтың сөзімен айтқанда «инженер болса да тілі өте жатық» болып шықты.

«Ақжолдық» Дания Еспаева құжаттарын да, емтиханды да Таспиховпен қатар өткізіп отырды. Бұл кісінің кандидатурасы біздің қоғам үшін жаңалық. Бірден феминистік ойларымен көрініп қалған Дания Еспаеваға қарсы сексистер де лезде табыла қойды. Ол бірінші кезекте көп балалы аналардың мәселесін шешіп беруді көздеп отыр. Әзірге Таспихов пен Еспаеваның талаптарға сәйкестігі туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысы шыға қойған жоқ.

Келесі болып «Ауыл» партиясы ұсынған Төлеутай Рақымбеков құжат өткізді. Ауылдан шыққандығы бар, ауыл адамдарымен жұмыс істегендігі бар, Ауылшаруашылығы министрлігінде жауапты қызмет атқарғандығы бар, бұл үміткердің «қазақшасы» бүгін шешілді.

Ал халықтық коммунистердің атынан Жамбыл Ахметбеков саяси додаға түспек. Ол мұндай науқанға келгенде әлгінде аталғандардан гөрі тәжірибелі. 2011 жылғы президент сайлауына қатысып үшінші орын алған. Оған 112 мыңға жуық сайлаушы дауыс берген еді.

Күні кеше «Ұлт тағдыры» қозғалысы Әміржан Қосановты мемлекет басшылығына үміткер ретінде ұсынды. Бұл – мамандығы журналист екінші кандидат. Тілшінің тіл тестінен сүрінуі неғайбіл. Бірақ бар мағлұматты Орталық сайлау комиссияның алдағы отырыстарынан ести жатармыз.

Осы жетеудің нешеуінің есімі сайлау бюллетенінде болады?..

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»