Русский Сайттың толық нұсқасы

Дрон. Пошташы. Пошта қызметінің сапасы артты ма?

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2019
  • 4962

Былтыр «Ресей поштасы» Бурятияда дрон ұшырып, онысы ұшпай жатып күл-талқаны шығып, сол елдің ащы күлкісін туғызған. Негізі, біздің пошта да дрон қолданып бастаған. Эксперимент бірінші Қарағанды облысында жүргізілген. Жалпы, жаңа технологиялар, өзгерістер енгізген тек құптайтын тірлік. Тек... Қарапайым пошташының айлығы өзгерді ме? Олардың жалақысы ең төменгі шекте екені белгілі. 2015 жылы «Қазпошта» төрағасының салықтарды төлегеннен кейін қолына 1 млн 200 мың теңге алатыны белгілі болған. Сол кезде мысалы, Ақмола облысындағы Тасуат ауылының пошташысы 8900 теңге алатыны айтылған. Ел поштасының бастығы: жүктемеге қарай айлығы, біз олардың еңбекақысын көтеру үшін де жұмыс істеп жүрміз деген. Қарағанды облысындағы тілшіміз Айжан Қуаш қарапайым пошта қызметкерінің өмірінде өзгеріс бар ма, жоқ па, пошта қызметінің сапасы артты ма, жоқ па? -деген сауалдардың жауабын іздеп көрді.  

20 жастағы Темірхан – ауыл пошташысы. Үштөбе ауылының тұрғындарына хат- хабар жеткізуге асығады. Алдымен поштаға келген хатты мекен- жай бойынша сұрыптап алады, сосын таратуға аттанады. Жауапкершілігі жоғары. Бірде-бірін жоғалтуға болмайды. Сенімді серігі ескі велосипеді. Онымен Темірхан талай шақырымдарды шарлайды. Күн сайын ондаған адамға баспасөз жеткізеді. 

- Велосипед помагает мне для того, чтобы развозить письма. Так как у нас большие маршруты, удобно ездить на велике.

Темірхан осылайша ауылдың 3 мыңнан астам тұрғынына газет- журналдар мен сәлемдеме жеткізеді. Бір қарағанда пошташыдан гөрі спортшыға көбірек ұқсайды. Сөйтсек, бұл қосымша жұмысы екен. Негізі журналист, заңгер немесе экономист болуды армандайды. Анасы пошта қызметкері болған соң осында келген. Темірхан шын мәнінде энергетика мамандығына сырттай оқитын студент. Әңгіме барысында бұдан басқа тағы бір табыс көзі барын айтты. Соған қарағанда жалақысы мардымсыз ба, - деп қалдық. Алайда «Қазпоштаның» коммерциялық құпиясын жариялауға тыйым салынғандықтан, жұмыскер ол жағын ашып айтпады.

Темірхан ӨТЕБАЕВ, ҮШТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ПОШТАШЫСЫ:

Қызықты мамандық. Күн сайын адамдармен сөйлесесің, таныстарым көп. Оның үстіне үнемі қозғалыстамын, бұл кәдімгі спорт. Дегенмен өмір бойы пошташы болып қаламын деп айта алмаймын. Қазір бұл жұмыстың жүктемесі ұнайды, студент болғандықтан қосымша ақша табуға қолайлы. Оқуыма, тұрған жеріме төлеуге жетеді.

 «Қазпошта» басшылығы да жалақы әркімге әр қилы, жүктемеге сәйкес төленетінін айтады. Қарағанды өңіріндегі төрт жүзден астам пошташыға жалақының сыртында велосипед, жаз және қыс мезгілдерінде аяқ киімге ақша беріледі екен.

Ерлан МЕЙРАМ, «ҚАЗПОШТА» АҚ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде негізі жұмысына байланысты.Толық ставка болса ставканы толық төлейміз. Әрбір ауылға, мекемеге жоспар береміз, соншама газет, хат қабылдау керек деген. Жұмысына байланысты. Қанша қызмет көрсетеді.

Бір қуантарлығы, пошташы жігітті ауыл қариялары жақсы көреді. Жұрт жаппай ғаламтор әлеміне енгенімен аға буын өкілдері әлі де баспасөзге тапсырыс береді.

Серік РАҚЫМЖАНОВ, ҮШТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Маған енді смс-тен, телефоннан гөрі газеттен хат- хабар алған бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Біздің заманымызда газет оқу, кітап оқу қалыптасқан заман. Ол келешекте де керек нәрсе. Қай уақытта да өркениет болсын, заманауи техника өсе берсе де бірақ газет- журнал еш уақытта қалмайды,- деп ойлаймын.

Ал қалада жағдай басқаша. Көп ұлтты кеншілер шаһарында жалпы пошта қызметінің сапасына наразылар көп.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қарағандының электронды шағым кітапшасын ашып қалсаңыз, сәлемдемесін жоғалтқан жұрттың арызынан көз сүрінеді. Ел шетелдегі жақындарына жіберген бұйымдары қайда кеткенін білмей дал. Тіпті, кейбірі пошташыларды сотқа да берген. Бірақ өтемақысын ала алмай жүргендер де бар екен.

Ольга Лукьянчук жарты жыл бұрын АҚШ-та тұрып жатқан қызына дипломын салып жіберген. Америкада білімін жалғастырмақшы болған оған Қазақстанда жоғарғы білім алғанын растайтын дипломы керек болыпты. Алайда әйел сәлемдемесін әлі күнге дейін таба алмай жүр.

Ольга ЛУКЬЯНЧУК, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қызымның дипломын, немерелеріме ойыншықтар жібергенмін. Ғаламтордан қарасам, өткен жылдың қараша айының 30- ына дейін болғанын көрдім. Бір бекетке жеткен. Ары қарай қайда кеткені белгісіз. Жыл басынан бері екі рет арыз жаздым, пошташылар мардымды жауап бермеді. Диплом жоғалып кетсе не істейміз,- деп алаңдап жүрміз. Бұл ресми құжат қой, жәй бір зат емес.

Біз бәрін мансұқ етуден аулақпыз, елімізде пошта қызметін жақсартуға бетбұрыс та байқалады. Екі жыл бұрын жеңіл- желпі сәлемдемелер таситын дрондар алғаш рет Қарағандыда қолданысқа енген еді.

Ол кезде Саран қаласынан Дубовка ауылына қарай ұшырылған қондырғы 7 шақырым қашықтыққа 10-ақ минутта жеткен болатын. Бірақ жерге жүгін тастаған соң кері қайта алмай, біраз кідірген-ді. Мамандар «оған күшті жел кедергі жасады», - деп түсіндірген. Айтпақшы, бұдан да сорақы оқиға Ресейде болды. Былтыр «Ресей поштасы» Бурятияда дрон ұшырып, онысы ұшпай жатып күл-талқаны шығып, мазаққа қалған. Біздің пошташылар елімізде мұндай оқиға тіркелген жоқ,- дейді. Ресми ақпартқа сүйенсек, қазіргі таңда сәлемдеме таситын қондырғылар 150 елді мекенді қамтыған.

 2017 жылы дрондар 1150 келі сәлемдеме жеткізсе, былтыр ол көрсеткіш 10 есе артып 11000- ға жеткен. Қазақстанның 5 облысында барлығы 20 дрон ұшырылады.

Әйткенмен, дрондар жібере салса ұшып кете беретін зат емес. Мамандардың айтуынша, оған қолайлы ауа райы қажет. Мәселен, желдің жылдамдығы секундына 10 метрден аспауы керек. Бірақ сіркереп жауған жаңбырдан бейнелеп айтқанда, қорықпайды. 70 шақырым қашықтыққа 1 жарым сағатта жетеді. Алайда 500 метрден биік төбе, таулардан аса алмайды. Дегенмен машинамен 2-3 келі газет тасу шығынымен салыстырсақ, одан 4 есе арзан. Дронның бір шақырым жолы 100 теңгеден аспайды. Қысқасы, жолы нашар жазық даладағы ауылдарға сәлемдеме тасуға өте қолайлы.

Ерлан МЕЙРАМ, «ҚАЗПОШТА» АҚ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде Қазақастанда шалғай ауылдар көп қой, жол жоқ, білесіздер, дрондар сол поштаны жеткізуді жеңілдетеді. Таулы ауылдар болады. Сол жаққа дрондармен жеткіземіз, өйткені олар жолға қарамайды.

Діттеген жерге құстай ұшып жететін техниканың біреуі шамамен 4 млн теңге тұрады. Қазір пошта тасығыш дрондардың жаңа моделі Шымкентте құрастырыла бастады. Зауыт жылына 60 қондырғы жасай алады екен. «Сапсан 3000» ұшу аппараты ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай, ішкі істер салаларында белгіленген аумақты әуеден түсіретін таптырмас құралға айналған. Ұшқышсыз дрон 8 мың гектар аумақта бір жарым мың метр биіктіктен аэро- фототүсірілім жасай алады.

Александр ЛИ, «РОБОАВИА» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨНДІРІС ІСІ БОЙЫНША АҒА МЕНЕДЖЕРІ:

Біреуін жинауға орта есеппен 15 күндей уақыт кетеді. Оның ішіне ұшу аппараты, жерден басқару стансасы, аккумуляторлы батареясының кейсі сынды маңызды дүниелер кіреді.

Сондықтан кейбір саймандар мен тетіктер Ресей, Америка, Финляндия, Тайвань мен Сингапурдан тасымалданады. Сөйтіп жан-жақтан жиналған заттар Қазақстанда құрастырылады.

Алишер ШАЯЗОВ, ҰШУ АППАРАТЫНЫҢ ОПЕРАТОРЫ:

Негізі, 6-10 келіге дейін көтере алатындары бар. Бұл сұранысты жаңартылған нұсқаларда ескереміз. Барар кезде сұйықтық көптеу кеткенмен жүкті тастап, қайтарда оның шығыны аз болады. Тек биіктікте ауа-райына байланысты майы қату секілді қиындықтар туындауы мүмкін. Дегенмен ұшу құрылғыларымыз орта есеппен 4 сағаттай ұшуға қауқарлы. Негізі электрлі қозғалтқышпен жүретіні тиімдірек. Оны кез келген жерде тіпті, көлік ішінде де қуаттай аласың. Үздіксіз. Бұл жұмысты жылдамдатады. Жерге парашютпен қонады.

Бірақ бұл компанияға «Қазпоштадан» тапсырыс әзір түспеген. Қазір пошташылар 2-3 келі жүк көтере алатын алматылық дрон құрастырушы компанияның өнімдерімен жұмыс істейді.

 Өңірлерде биыл қондырғылар ауа райы жақсарған соң, мамыр айынан бастап ұшуы мүмкін. Алайда ол шетелдік сәлемдемелерді жеткізу сапасына еш әсер етпейді. «Қазпошта» басшылығы қызының дипломын жоғалтқан Ольга Лукьянчук секілді тұрғындарға шыдамдылықпен күтуге кеңес берді. Сәлемдеменің жоғалған жері анықталса, оған кінәлі пошташы өтемақы төлеуі тиіс екен.

Айжан Қуаш, Жанайдар Рақымжанов «Біздің Уақыт»