Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында «Ақылды ферма» жобасы іске қосылды

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2019
  • 5777

Мол өнім алу және қаражатты үнемдеу. Қызылорда облысында «Ақылды ферма» жобасы іске қосылды. Дихандарға цифрлық технологияның үлгісін арнайы таныстырды. Жоба сәтті болса, өнім жылдағыдан 2 жарым есе көп болуы тиіс әрі шаруалардың қаражат үнемдеуге сеп болмақ.  

Дән себетін жердің құнарлығын, яғни, ондағы тірі организмдер, су мен ауа мөлшерін енді мобильді зертхананың көмегімен санаулы секундтарда білуге болады. Жобаны Өсімдікті қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты мамандары ойлап шығарған. Олар жобаны алдымен тәжірбие ретінде «Ақмая» шаруашылығына енгізіп отыр. Мамандар жаңашылдық шығынды үнемдеп, мол өнімге қол жеткізеді деп отыр.

Дәулет ЖҰМБЕКОВ, «АҚМАЯ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Ақылды технология арқылы цифровизация жүргізіліп жатыр бізде. Бір тиімділігі - точность земледелия дейді. Жаңағы жерді анализін алып, қанша калий, фосфор, сосын сульфат беретіндігі сол тиімділігі көп, эконом болып тұр біздің шаруашылыққа. Гербицидтерге, удобрениеге 30 миллиондай жұмсап жүрсек, биыл 17 миллион ғана жұмсадық.

Жоба әзірге пилоттық. «Ақылды ферма» сәтті болса, кезең-кезеңімен биыл қалған шаруашылықтарға да енгізілмек. Аймақта қазір егін егу жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 178 мың гектар жер бөлінген. Оның 80 мыңнан астамына күріш егу жоспарланып отыр.   

Бақыт ЖАХАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:   

Негізгі дақылымыз-күріш 85 мың былтырғы жылы біз егістік жоспарлағанбыз. Бірақ дегенімен мынау биылғы жылы мамандардың болжамы бойынша су тапшылығы орын алады деген хабар болғаннан кейін, биік атыстарға, су бару проблемалар бар деген жерлерге судың тапшылығын болдырмау үшін тағы 2, 7 мың гектар жерді қысқартуға тұра келді. Бірақ дегенімен жалпы егіс көлемі қысқармайды. Орнына мал азығы дақылдарды, майлы дақылдарды, соя, мақсары сияқты дақылдарды егу шаруашылықтармен келістірілді.

Жергілікті шенділер шаруашылықтар су тапшылығы бола қалса, оған да әзір деп отыр. Суару каналдары мен ирригациялық жүйелер тазартылып, су соратын құрылғылар жөндеуден өткенін, тіпті, су қоймалары да дайын екенін айтты. Тұқым мәселесі де шешілген. Ғалымдар ресейлік сұрыптардың орнына жергілікті «Салима», «Сыр сұлуы», «Әйгерім» сорттарын ұсынып отыр. Цифрлық жетістіктің арқасында олардың өнімділігі әр гектардан 80 центнерден кем болмайтынына сенімді.   

Ш. Сақтапова