Русский Сайттың толық нұсқасы

Елбасы қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында қаулы шығарды

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2017
  • 3400

Латын әліпбиі қабылданды. Бүгін президент Жарлыққа қол қойғанын Ақорда хабарлады. Оны жүзеге асыру үшін үкіметке арнайы тапсырма жүктеліп, ұлттық комиссия құру тапсырылған. Латын әліпбиіне көшу процесі кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін жалғасады. Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелген. Дәуренбек Бақдәулетұлы мамандар пікірін тыңдады.

Үкіметке тапсырма берілді. Енді оқулықтар әзірлеу, мамандар дайындау, тағы басқа да сан мыңдаған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс. Президент бұл 2025 жылға дейін кезеңмен іске асырылатынын қадап айтты. 

Кенжегүл Сағындықова, Шымкент қалалық білім бөлімі ғылыми әдістемелік орталығының директоры:

Біз оқушылардан, мұғалімдерден пікірін сұрағанбыз. Біз негізінен оқушыларға қатты қиындық тумайды деп ойлаймыз. Себебі олар ағылшын тілін 1-ші сыныптан бастап мектепке дейін де оқып келе жатыр. Сондықтан біз аса бір қиындық туындамайтын шығар деп ойлаймыз.

Елбасынан жарлық бар. Енді қолға алынған істі тиянақты жүзеге асыру керек. Ол үшін әр мемлекеттік орган өз ісіне жауапкершілікпен қараса дейді мамандар. 

Серік Нұрмұратов, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Әр сала, әр министрлік өз жоспарын жасап, бірте бірте өту жолдарын дайындау керек. Ол тек қана қазақ тіліне емес, жалпы Қазақстан халқына ортақ мәселе болғаннан, бір орталықтар ашылып, көмек берілу керек. Әлеумет тұрғысынан да, мемлекет тұрғысынан да. Сол екеуі түйіскен жерде бұл мәселені шешу оңайырақ болады деп ойлаймын.

Қазақ тілінің төл 28 дыбысы бар. Ал сіңісті болып қалған кей әріптерді жазу бізге еш қиындық тудырмайды, - дейді профессор Ерден Қажыбек. Мысалы, орыс тілінен енген Э,Ю,Я әріптері жаңа әліпбиіміздегі екі әріптің қосарлануымен, яғни дифтонг арқылы жазылады деп түсіндірді. Мысалы, Э әріпін Е алмастырады, Ю әріпі I'У', ал, Я әріпі І'А деп жазылады.

Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры:

Мемлекеттік тілімізді өз тұғырына қондыру бүгінгі күннен бастап қолға мықтап алынды деп есептеймін. Бұзылған ережелерді қолдануға етіміз көндігіп кеткен жағдайы бар. Сондықтан тілді қазір бүкіл қатпарлармен артық дүниелерден арылту оңай болмайды. Бірақ  игі істің мәні зор. Оған қоғам болып жұмылу біздің борышымыз.

Жұрт жаңа әліпбимен аты-жөндерін жазып, әріптерді құрап жатса, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының фейсбук парақшасында қазақстандықтарды жаңа әліпбиге бейімдейтін мынандай бейнетаспа пайда болды.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ