Русский Сайттың толық нұсқасы

Семейде қала әкімінің резиденциясы сатылады

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2019
  • 3083

Семейде қала әкімінің резиденциясы сатылады. Шаһар сыртында орналасқан ғимарат 158 миллион теңгеге бағаланыпты. Қала басшысы Ермак Сәлімовтың айтуынша, қазір бұл үйде ешкім тұрмайды. Сондықтан ғимаратты сату туралы шешім қабылданған. Резиденция Ертіс өзені жағасындағы қайыңды алқапта орналасқан. Айта кетелік, бұған дейін бұл ғимарат екі рет сатуға шығарылған. Бірақ сатып алуға қызыққандар жоқтың қасы. Кәсіпкерлер резиденцияны бөлшектеп сатып алу туралы ұсынысына әкімдік келіспеген. Ермак Сәлімов бұл ғимаратты демалыс базасы ретінде пайдалануға болатынын айтады. Онда жаңа қожайын кешенді 1,5 жыл ішінде абаттандырып, кемінде жарты миллиард теңгесін қиюы керек. Әрі демалыс базасының дәрежесі «4 жұлдыздан» кем болмауы тиіс. Резиденцияны сатып алушыларға қойылған талап қатаң: үміткерлер жарты миллиард теңгесі барын растауы, сонымен қатар, құрылыс техникасы мен мемлекеттік лицензиясын ұсынуы тиіс. Резиденцияның болашақ қожайыны көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 20 баланы бес жыл бойы тынықтыруға міндетті.  

Ермак СӘЛІМОВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Бұл саудаға көлденең көк атты жолдан қосылмауы үшін конкурс ұйымдастырылды. Сауда шартында балалардың демалысына жайлы жағдай жасалуы керектігін ескерттік. Бірақ үміткерлер әлі жоқ. Егер бұл жер балалар демалысына арналса, жылына бір рет жеткіншектерге тегін қызмет көрсетіп қуантуға болады деп ойлаймын. Әзірге қалада мұндай демалыс орны жоқ.

Е. Карин