Русский Сайттың толық нұсқасы

Бөшкеде сары майдай сақтау. Шымкентте де ауыз суға жарымағандар көп...

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2019
  • 4336

2018 жылдың қорытындысына сүйенсек, Шымкент қаласы ауыз сумен 93 процент қамтылған. Яғни еліміздегі үшінші ірі қалада әлі күнге сусап отырғандар бар. Тіршілік нәріне зар болып отырғандар ылажсыз ішер суын үнемдеуге мәжбүр. Әсіресе көп балалы отбасыларға қиын. Қалаға көшіп келгеніне 5 жылдан асқан Динара Әбдікерімованың күніне жарап тұрған мына темір бөшке. Сатып алатын болғасын бөшкеде сары майдай сақтайтынын айтады. Ас-ауқатқа да, кір-қоң жуғанға да осыны жеткізуі керек. Бір тамшы су - ақша.  

Динара ӘБДІКЕРІМОВА, СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кір жуған суымыздың шәйғанына полымызды да жуып аламыз, таза су ғой деп. Амал жоқ, осылай үнемдеп отырмыз. Ыдысымызды жуған посудамыздың суын қайтадан қойып қойып қайтадан жуамыз. Су жоқ вообще. Аптасына құйдырамыз ақшаға. Оның өзі де жетпейді. Лас су ішіп отырғанымыздың бәрі. Мынаның іші тұрады. Тұрғаннан бері бес жылдан бері осыдан ішіп отырмыз. Асқазанның бәрі осыдан ауырады.

 Солтүстік саяжай шағын ауданының халқы су келеді дегенге сеніп жер алып, баспана салғандарын айтады. Мұнда ұзын саны үш мың жуық халық бар. Көпшілігі баспана тұрғызғаны болмаса жолы мен суы жоқ деп көшіп келмеген. Өзгесінің жыл сайынғы уәдеге көндікпеске амалы жоқ. Мұндағы жұрттың жанына жұбаныш болып тұрған әкімдік тегін жеткізіп беретін су. Аптасына бір рет болса да көше аралап келетін көлікті зарыға тосады. Айтпақшы, мұнда өзен де жоқ, үй ауласынан да су оңайлықпен шықпайды. Су көзі тым тереңде жатқандықтан қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан адамдар әкімдік жағалаудан жалықпайды. Сөйтсе ғана сең қозғалатынын біледі.

Марат ҚҰДАЙҚҰЛОВ, СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Аптасына 300 литр береді, болды. Ішуге ғана. Кір жуамайсың оған. Кірге сатып аласың. 2500 ден әр машинасы. 4-5 жылдан бері осы жерде тұрамыз, сусыз. Былтыр уәде берген, былтыр күзде келеді деп. Енді көктемде келеді деді уәде берді... Өткенде барып, арызын тастаған едім. Үміттеніп отырмыз ғой енді, су келеді деп, екі жылдан бері.

Диана РОЗАМЕТОВА, СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күнде кір шығады. Төрт бала-шаға далаға кіріп шығады үстері бәрі шаң болады, кір болады. Өтірік болмасын бір күнде үш-төрт ауыстырам бала-шағаның үстін. Судан қиналып тұрмыз.

 Шымкент маңындағы ұзын саны сегіз елді мекен судан тарығып отыр. Былтыр Қызылжар тұрғын алабы мен Ынтиымақ-2 шағын аудандарының жырын айтқанбыз. Қыста қар ерітіп, көктемде жауын суына күні қарайтындарын жеткізген. Тіпті Бадам өзенінің суын тұтынатындардың денесін жара басып кеткенін көрсеткенбіз. Атқамінерлер ауыз су мәселесі біртіндеп шешіліп жатқанын тағы да баяндады. Айтуларынша, біз сөз қылған Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай және Жаңа тұрлан шағын аудандарының негізгі мәселесі жер асты су көзінің болмауында. Ал сонда Шымкентте таза су мәселесі түбегейлі қашан жойылады десек, 2022 жылды атады...

Нұрлан ЖАМАНКӨЗ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы 2019 жылы жылдың аяғымен біз Алла бұйыртса жобаларды аяқтап, 2020-2021 жылдары үш елді мекен құрылысын жүргізіп, 100 пайыз сумен қамтимыз деп сол екі жылдың ішінде, біз жоспарлап отырмыз.