Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда көлік жүргізушінің куәлігін алуға ниетті мүгедек жандар медициналық комиссиядан өте алмай жатыр

  • AstanaTV
  • 08 мамыр 2019
  • 4953

Қызылжарда көлік жүргізуші куәлігін алуға ниетті мүгедек жандар медициналық комиссиядан өте алмай жатыр. Еске салайық осыған дейін біз кембағал жандарға арналған автомектеп ашылғаны туралы хабарлаған едік. Петропавл тұрғыны Салимхан Сәбитов екі көлік сатып алып, мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыта бастаған. Абзал Құрманкин мәселені білуге тырысты.  

Көлік тізгініндеуді армандаған жандардың бірі Рамис Байдуллаев. Колледж студентінің қос қолы кеміс. Осыған қарамастан ол екі жыл бұрын көлік жүргізуді меңгеріп алған. Баласының арманын орындап, анасы оған машина сыйға тартқан. Алайда, жасөспірімде әлі де көлік басқаруға рұқсат жоқ.  

Рамис БАЙДУЛАЕВ, ЕКІНШІ ТОПТЫ МҮГЕДЕК: 

Көлікпен жұмысқа барғым келеді.Үйден бір жарым шақырымдай жер. Жаяу жүрсем,шаршап қаламын. Енді жүргізуші куәлігін алайын десем, медициналық комиссиядан жығыла беремін. Петропавлдағы 4 бірдей хирургты аралап шықтым. Ешкім көнбейді.

Кембағал жандарға арналған автомектеп жас жүргізушілерді сәуір айынан бастап оқытып жатыр. Алғашқы топта он оқушы болады деп жоспарланған-ды. Алайда, медициналық тексеріс кезінде үшеуі сыннан сүрінген. Олардың арасында автомектеп директоры да бар.  

Салимхан СӘБИТОВ, АВТОМЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: 

Қолым мен аяғым дұрыс жұмыс істемегендіктен комиссиядан өте алмай қалдым. Мен бұл мектепті мүмкіндігі шектеулі жандар өзін кемтар санамай, ел қатарлы жүрсін деп ашқан болатынмын. Бірақ, көздегенімізге қол жеткізе алмай жатырмыз. Заңнаманы қайта қарастыру керек деп есептеймін.

Медициналық комиссия болашақ жүргізушілерді алты бағыт бойынша тексереді. Егер тұла бойы мен ойлау қабілеті сай келмесе, дәрігерлер бірден теріс шешім шығарады екен.  

Лидия ТРИФИНОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАЙЫМЫ: 

Көлік тізгініндегі жүргізуші тек өзіне ғана емес, маңайындағы бүкіл тұрғындар үшін жауап береді. Сондықтан ол салқынқанды, тірек-қимыл әрекеті сау адам болуы тиіс. Көлік жүргізуге тиым салынған аурулардың тізімі заңмен бекітілген. Біз бұл құжатты айналып өте алмаймыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Айта кету керек, Салимхан Сәбитов мүгедектерге арналған автомектепті ашу үшін грант ұтып алған. Артынша сол ақшаға әрбіреуі екі миллион теңгеден тұратын екі көлік сатып алған. Қазір Қызылжардың белсенді жастары дәл осындай мектепті басқа да аймақтарда ашуды көздеп отыр. Алайда, ең алдымен комиссия мәселесін шешіп алмақшы. Бюрократиялық кедергілерді жою үшін кембағал жандар мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттен көмек қолын созуды сұрап отыр.

А. Құрманкин