Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жусан-2»: Сириядан 231 қандасымыз елге оралды

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2019
  • 3532

Сирияда содырлардың сойылын соққан 20 қазақстандық 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы ҰҚК департамент басшысы Бақытбек Рақымбердиев мәлімдеді. 16 ер мен 4 әйел адам Қиыр Шығыста ДАИШ құрамында болған. «Жусан-2» операциясымен елге жеткізілген бұл азаматтарға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалды. 

Таңғы сағат 5:20. Қару асынған арнайы жасақ Ақтауда ұшақты күтіп тұр. Онда жат ағымның жетегіне еріп, қақтығыс аймағына кеткен қандастарымыз бар.  

Елге Сириядағы соғыс ошағынан бұл жолы 231 қазақстандық қайтарылды. Олардың 59-ы әйел болса, 156-сы өрімдей бала. Жартысынан көбі шетелде туған. Арасында ауыр жарақат алғандары да бар. Ал, 18 бүлдіршін Отанға тұл жетім оралды.  

Сарбаздар сәбилерді біртіндеп көтеріп, арнайы автобустарға отырғызып жатыр. Елге қайтарылған азаматтар кейін Ақтаудағы оңалту орталығына жеткізілді. Мұнда олар дәрігерлер тексерісінен өтіп, психологтар көмегін алады.  

Бұл - қаңтарда басталған «Жусан» операциясының жалғасы. Арнайы жасақ ол кезде 47 қазақстандықты елге жеткізген. Олардың екеуі 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жақында келген 20 азамат та ДАИШ құрамында болған. Қылмыстың ауырлығына қарай олар 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.  

Бақытбек РАҚЫМБЕРДИЕВ, ҰҚК ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ: 

Жасаған күнәлары толығымен дәлелденеді. Өйткені бізде куәгерлер бар. Басқа да айғақтар бар. Бұл мәселе ешқандай қиындық тудырмайды.Қиындықтарға келетін болсақ, Сирияны бірнеше қарулы топтар басып алған. Ең қиын мәселе сол топтармен келісімге келіп, қазақстандықтарды қайтару болды.

Ал, 33 жастағы бұл келіншек Сирияға жолдасын іздеп барып, қан майданда 2 жылға қалып қойған. Ол «Жусанның» алғашқы операциясы кезінде елге оралды. Жат қолынан босаған ол қазір көрген қиындықтарын көзіне жас алып еске алады.  

Қазақ қыздармен араласып сөйлестік. Бірақ көбі іштей ұстайды. Қайтым келеді деген сөз айтылмайды ол жерде. Егер өзімнің ойымды айтатын болсам, мен ол жерде басымнан айырылымын. Не атып тастайды, не түрмеге отырғызып тастайды.  

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:  

Ал, қазір әлі 300-ге жуық қандасымыз қақтығыс аймағында еріксіз жүр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оларды жыл соңына дейін елге қайтаруды жоспарлап отыр.

А. Бектас