Президенттік сайлауға тіркелген шетелдік бақылаушылар саны 67 жетті. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы отырысында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросынан 22 бақылаушы тіркелді. Осылайша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, оның Парламентаралық ассамблеясы және Ислам ынтымақтастығы ұйымы атынан аккредиттелген бақылаушылар саны толығып отыр.
ЗӘУРЕШ БАЙМОЛДИНА, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар тізіміндегі деректер жаңартылып отырады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асыратын болады.
Сондай-ақ, Сыртқы Істер Министрлігінде тұрақты негізде 28 шетелдік БАҚ-тың 94 журналисі тіркелген. Еске сала кетсек, Президенттік сайлаудың өтуіне 26 күн қалды. Қазір кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ә. Өмірзақ