Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда демалыс күндері жолаушыларды тасыған екі автобус өртеніп кетті

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2019
  • 2806

Қызылжарда демалыс күндері жолаушыларды тасыған екі автобус өртеніп кетті. Төтенше жағдай тапа тал түсте болды. Абырой болғанда адамдар шығып үлгерген. Зәресі ұшқан жолаушылар енді автобусқа мінуге жүрексініп қалған. Ал, қаладағы қоғамдық көліктердің тең жартысы әбден тозған. Автобустар қашан жаңартылады? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкиннің материалы.  

Демалыс күндері қаладағы 8-ші және 21-ші бағаттағы екі автобус өртеніп кетті. Ал, тағы біреуінен шыққан отты жүргізушісі ауыздықтап үлгерген. Өрт сөндірушілер жалын сымдардың тұйықталуынан шыққан деп болжайды. 

Игорь БАЛЕЕВ, СҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 

Жазғы уақытта көліктер энергияны шамадан тыс пайдаланады. Демек, сымдарға түсетін жүк бірнеше есе өседі. Өртеніп кеткен қос автобуста өрт сымдардан шықты. Ал, үшінші автобустың қозғалтқышы жанды. Айта кету керек, жыл басынан бастап өңірде 31 көлік өртенді. Олардың басым бөлігі 90-жылдары шығарылған. Ескірген көліктерде сымдарды оқшаулайтын материал тозады. Демек, өрттің қаупі өседі.

Ал, ажалдан аман қалған жолаушылар енді автобусқа жоламайтындай болған. Ал өзгесі қоғамдық көлікте үреймен қатынап жүр.  

Бахытжан ТҰРБАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Үйден шыққанда құдайға сиынып шығамыз. Автобус отырғанда дұға оқып, қорқып отырамыз.

Ольга ФОМИЧЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Егер де, автобус жүргізушісі ересек адам болса, уайым жоқ. Ал, көлік тізгінін жас жігіттер ұстаса, қорқып отырамыз. Жастарда жауапкершілік аздау. Балаларым үшін қорқамын.

Бүгінде шаһардағы 300-ден астам автобустың жартысынан астамы ескірген. Тасымалдау одағының өкілі бұл қоғамдық көлік қызметінің сапасына кері әсер етіп жатқанын айтады.  

Галина СЕМЕНОВА, СҚО АВТОКӨЛІК ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:  

Бүгінде көптеген автобустардың қолданылып жатқанына 10 жылдан асты. Қалада жолаушыларды тасымалдап жүрген ең ескі автобус 1976 жылы шығарылған. Оларды ауыстырған дұрыс. Біз бұл мәселені шешім жатырмыз. Бірақ мемлекеттің демеуінсіз болмайтын сияқты.

Қоғамдық көлік жайы ушыққан соң, қала билігі жаңа автобустар сатып алуға бел байлаған. Бастапқыда 20 шақты заманауи көлік сатып алынбақ. Бірақ, әзірге қаражатты қайдан алатыны белгісіз.  

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Қытайлық әйгілі компанияның автобустарын бізде тест драйв өтеді. Егер қаланың көшелеріне ыңғайлы деп танылса, онда автобустарды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілмек. Бұл автобустар үлкен, ыңғайлы болып келеді. Бүкіл әлемде қолданыста бар. Маусым айында бізде де болып қалуы мүмкін.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Жергілікті билік сатып алмақшы болып отырған шағын автобустар. Ол бір кезде көпшіліктің сынына ұшараған қытайлық көліктер. Тұрғындардың айтуынша, аталған көліктер тым тар, сондай-ақ қысты күні салқын көрінеді.

А. Құрманкин