Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы жекеменшік балабақшалар дауы әлі бітер емес

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2019
  • 4168

Оралда төрт мыңға тарта бүлдіршін балабақшасыз қалуы мүмкін. Өйткені шаһардағы мектепке дейінгі жекеменшік мекемелер әкімдіктен өздеріне тиесілі үстемақыны ала алмай отыр. Қарыз 1 миллиард теңгеден асып кеткен. Кәсіпкерлердің алды сотқа жүгіне бастады. Мәселе қашан шешіледі? Еркін Карин анықтады.  

-Төрт күн демалысым осының бәрін сырлаумен өтті. Төрт балабақшаның ауласын бәрін сырладық. 

Балабақша ашу үшін үй-жайын кепілге қойған Мұрат 30 миллион теңге несие алыпты. Қазір төрт балабақшасы бар. Бірақ қалалық білім бөлімі былтырғы субсидияны әлі төлемеген. Кәсіпкер қарызым көбейе берсе, кәсібім құрдымға кете ме деп қорқады. 

Мұрат ҚУАНЫШҚАЛИЕВ, КӘСІПКЕР: 

Қазір түскен ақшаны банкке беремін. Ай сайын 1,5 млн теңге несие төлеймін. Әлі 5 жыл төлеуім керек. Сондықтан жағдайымыз не болады деп алаңдаулымыз.

Ал Айнұрға Бәйтерек аудандық білім бөлімі 11 миллион теңге қарыз. Амалы таусылған кәсіпкер борышын қайтарып алу үшін сотқа шағымданған.  

Айнұр СҰЛТАНОВА, КӘСІПКЕР: 

Балабақша ашылардың алдында бәріміз кредит алдық. Бәленбай сома, көбі өз ақшамызды салдық, енді оны төлеу керек. Оны банк күтпейді төлемеген жағдайда. Субсидия екі айға берілді. Бірақ ол ештемені шешпейді. Жабылып қалсақ, айқай-шу шығатын шығар... қаншама ата-ана жұмыссыз қалады, қаншама жұмысшылар жұмыссыз қалады?

Облыстық мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдар қауымдастығының дерегінше, өңірдегі 63 жеке балабақшаның бәрінің жағдайы мүшкіл. Бұған дейін әр балаға мемлекеттен бөлінген 19 мың теңге былтыр күзден бастап, 27 мың теңге болып белгіленді. Бірақ осы үстемеақы әлі төленбепті. Қарыздың қордалануына осы себеп. 

Борис ЛАВРЕНТЬЕВ, БҚО МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖЕКЕМЕНШІК ҰЙЫМДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Жекеменшік балабақшаларға білім басқармасы 1 миллиард 14 млн теңге берешек. Облыс әкімі қалалық мәслихаттың алдағы сессиясында екі айға 238 млн тг тауып беретінін айтты. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейінше, мәселе шешілмейді.

Қалалық білім бөлімі де жағдайдың мәз еместігін мойындайды. Бірақ бюджетте ақша жоқ. 

Евгения ИМАНҒАЛИЕВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Жекеменшік балабақшаларға ақша болмай жатыр. 3, 4 тоқсанға ақша табылмады. Өзіміз де мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көрсеткіштерін орындай алмауымыз мүмкін деп алаңдаулымыз.

Бірнеше жыл бұрын жеке балабақша ашуды сұраған жергілікті биліктің өтінішін жерге тастамаған кәсіпкерлердің арқасында бүлдіршіндер балабақшамен түгелдей қамтылды. Енді бұл мәселе шешілмесе, жеке балабақшалар жабылып қалуы мүмкін. Онда 4 мыңдай бүлдіршін балабақшасыз, 800-дей адам жұмыссыз қалмақ.  

Е. Карин