Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде лифт шығаратын зауыттың құрылысы басталған

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2019
  • 2963

Ақтөбеде жеделсатылар шығаратын зауыт салу ісі қолға алынды. Ол биыл жыл соңында пайдалануға берілмек. Индустриалды аймақта бой көтеріп жатқан ғимарат іске қосылғанша, жергілікті кәсіпкерлер лифті құрастыру ісін бастап кеткен. Әріптесім Бақыт Рахметова қаладағы жеделсаты мәселесі қалай шешіліп жатқанын анықтап көрді.  

Қазір қаладағы көпқабатты ғимараттарда 800-ден астам лифт бар. Оның үш жүзге жуығының тозығы жеткен. Дегенмен жеделсатысыз отырған көпқабатты үй тұрғындары да бар.   

- Оныншы, тоғызыншы этажға дейін адамдар көтеріле алмайды. Баламен барады коляскасы бар.  

-Алтыншы этажға зат көтереміз. Баламен шығамыз сол кезде қиындау.

Аймақта жеделсаты өндірісін қолға алған кәсіпорын бүгінде 3 үйдің лифтісін жаңартыпты. Енді олар зауыт ашуды қолға алған. Әзір мекеме бөлшектерді шетелден тасып отыр.   

Виктория ФИЛИППОВА-ФЕДИНА, «ЖІГЕР-АҚТӨБЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Уақыт өте келе біз қосалқы бөлшектерді өзіміз дайындайтын боламыз. Жеделсатының есіктерін, арқандары мен жақтауларын өзіміз жасаймыз. Бірақ қауіпсіздікке жауапты бөлшектер әсіресе, лифтінің кабинасын, басқа да маңызды бөліктерін Белоруссияның Могилевскі зауыты дайындайтын болады.

Белорусь зауытымен бірлесіп жасалатын жеделсатылар сапасымен қоса қауіпсіздік жағынан да ерекшеленеді,-дейді мамандар. Ақтөбелік зауытты биыл желтоқсанда іске қосу жоспарланып отыр. Онда жылына үш жүз лифт шығарылмақ. Инвестор бастапқыда отыз пайыздық үлеспен, екі жыл ішінде толықтай отандық мазмұнға көшеміз деді.  

Төрехан ЖҰМАҒҰЛ, «АҚТӨБЕ» ӘКК СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ КОРПОРАТИВТІ ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ: 

Бұл инвесторға қазіргі сәтте біздің тарапымыздан барлық қолдаулар көрсетілді. Төрт жылға тегін бір гектар жер берілді. Жалпы соммасы бұл компанияның 201 млн теңге. Жиырма жұмыс орнын ашатын болады бұйырса. Барлық инфрақұрылым берілген. Ол газ, су, автожол мен теміржол.

Жеделсатыларды модернизациялау бағдарламасына қазынадан 125 миллион теңге бөлінген. Бірақ бұл қаражат тек жиырма шақты лифтіні алмастыруға ғана жетеді,- деді әкімдік өкілі. Бір лифтіні жаңарту үшін шамамен 7-8 миллион теңге қажет. Тұрғындар су жаңа жеделсаты үшін 7 жыл бойына ай сайын 2-3 мың теңгеден төлейтін болады. 

Асхат ДӨШКЕНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Модернизация бағдарламасы бойынша негізі тұрғындар жалпы жиналысында қандай лифт, қандай мекемемен жұмыс істеу шарттарын келіседі. Тұрғындардың жалпы көпшілік дауысымен шешіледі. Лифтілерді мемлекеттік мекеме емес, тұрғындардың өздері таңдап, өздері ауыстыратын мекемемен келісім-шарт жасасады.

Бақыт РАХМЕТОВА,ТІЛШІ:  

Қалалық тұрғын үй қатынастарының дерегінше, жеделсатыны ауыстыруға 50-ден астам өтініш түскен. Аймақ атқамінерлері зауыт іске қосылса, бұл мәселе толық шешілетініне сенеді.

Б. Рахметова