Шымкентте демалыс күні жауған жауынның кесірінен көпқабатты үй тұрғындары пәтерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Нөсер жауын тоғызыншы қабаттың шатырынан өтіп, бөлмелердің төбесінен сорғалаған. Көшелер де көлкіп, жүргізушілер абдырап қалды. Айзада Төребекқызы тарқатады.
Демалыс күндері Нұрсәт-3 мөлтек ауданының тұрғындары аяқ асты әбіржіді де қалды. Тоғызыншы қабатта тұратын Дина Шопанова су сорғалаған жерлерге ыдыс қойып үлгермей алмай абдырапты. Үйде шылқымаған дүниесі қалмаған көп балалы ана әупірімдеп электр желісін ажыратып үлгерген. Екі күн бойы туыстарын жағалаған келіншек бүгін төсеніп жатар ештеңе жоғын айтады.
Дина ШОПАНОВА, «НҰРСӘТ-3» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көрпелердің барлығы су. Жастықтар киім-кешек барлығы су. Жататын төсеніш те жоқ. Анау кілемді өзімнің шешемнің үйінен алып келдім жаңа төсеп отыра тұрайық деп. Мынау осы көктемде болған. Бұл қар ерігеннен болған. Дуалмен жібісіп аға берген ғой. сөйтіп оны білмейміз, сыростьтың иісі шыққан кезде қарасам мына обои ішінде су толып қалған.
Бұл үй 2015 жылы Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен берілген. Тұрғындар төбеден су сорғалайтынын айтып, мердігер мекемеге де барған. Алайда құрылысшылар екі жылдық кепілдік мерзім әлдеқашан өтіп кеткенін айтты. Дегенмен судың сорғалауы сападан емес деп отыр.
Садулла ҚАЛЫБЕКОВ, «АҚ ОРДАСЫ-КОРПОРАЦИЯСЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Трубаның ішінің бәрі қоқыммен толған. Бутылкалардың сынығы мен бүтіндей бутылкалар тығып кеткен. Ол арнайы істелінген нәрсе. Сонымен ана жерде су өтпеген, су өтпегеннен кейін айналасының бәрін су 8-9 этаждарға кеткен жерінің бәріне кеткен. Басқа жерлердегі трубалардың бәрі үстіндегі сеткалары тұрғанын біздің балалар көрсеткен.
Құрылыс компаниясы талапқа сай әр бес жыл сайын төбе жабынының жаңаланып тұруы қажеттігін еске салды. Бұл жолы қасиетті айда шатырын жөндеп беруге уәде етті. Бірақ бұл жаңбыр осы үйді ғана емес, қаланың ірі көшелері де су астында қалды. Салаға жауаптылар мұны қаланың ойлы-қырлы жерлерге орналасуынан деген уәж келтірді.
Нұрлан БЕКТҰРСЫНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ, КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ирригация жөндейтін жерлер бар, бірақ жөндемейтін жерлеріміз тағы да бар. Келесіде мен сізге айтайын, келесіде зерттеу жұмыстары жүріп, ол бәрі қаражатқа байланысты. Оны тез арада...оған жоба істелініп, жұмыстар атқарылады.
Ал сипоптиктер Шымкент пен Түркістан облысы аумағында ертең де өткінші жаңбыр жауатынын болжап отыр.
А. Төребекқызы