Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» овертаймда қатарынан үш рет жеңіске жетті

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2017
  • 2271

Қазақстан Премьер Лигасында «Астана» «Оқжетпесті» тізе бүктірді. Енді төртінші мәрте жеңіс тұғырынан көріну үшін, астаналық футболшыларға, ежелгі қарсыласы «Қайратпен» тепе-тең түссе де, жеткілікті. Егер алматылықтар жеңіп кетсе, алтын медальдің кімге бұйырары чемпионаттың соңғы матчында белгілі болады. Биылғы маусымда «Қайратқа» қарсы қайрат көрсете алмаған «Астана» үш матчта екі рет жеңіліп, бір рет тең түсті. Жалпы есеп 1:6.


Шашасына шаң жұқтырмас Үсейн Болтқа да тықыр таянған тәрізді. Енді ямайкалық желаяқтың жаңа бәсекелесі пайда болды. Осыған дейін елеусіз болып келген Индонезияның ұлттық біріншілігіне Теренс Пухиридің арқасында ел назар аударды. Бойы 157 сантиметрден әзер асатын «Борнеоның» ойыншысы қарсыластарына үшінші голды соғып, қапы қалдырды. Әлеуметтік желі қолданушылары футболшыны "ең жүйрік спортшы" атап кетті. Өйткені ол 60 метрді небары 6 секундтың ішінде жүгіріп өткен. Бір қызығы, әйгілі желаяқ Болт та доп тебуге ниеттеніп отыр. Атақты жүйрік дортмундтық «Боруссия» құрамында өнер көрсетуі мүмкін.


«Барыс» осымен үшінші матчты овертаймға жеткізді. Қазақстандық команда ҰХЛ-дағы ең үздік клубтардың бірімен бақ сынасты. «Йокеритпен» өткен ойында қарсыластарының толассыз шабуылдарына қарамастан, есеп өзгермеді. Кейін саны жағынан басым екенін пайдаланған «Йокерит» астаналықтарды қапы қалдырды. Алайда, араға екі минут салып, «Барыс» таразы басын теңестірді. Найджел Доустің соққысы қонақтарды ілгерілетті. Капитанның бұл шайбасы жеңіс әкелмесе де, келесі соққысы екі ұпай әперді.

Канадалық форвард Доус лиганы тағы да мойындатып, ҰХЛ легионерлері тарихында топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді. Тек он ойыншыға арналған бұл тізімде «Барыстың» бұрынғы ойыншылары Брэндон Боченски мен Кевин Даллмэн бар екенін айта кету керек.