Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы. Экономика бөлек, саясат бөлек емес

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2019
  • 3400

«Huawei компаниясының Honor линейкасының жаңа – 20 үлгісінің Лондонда өткен тұсаукесер шарасында компанияға қатысты саяси ахуал қозғалған жоқ және бұл біртүрлі түсініксіз көрінді» деген Би-би-си-ге интервью берген Mobile Research Group –ң жетекші аналитигі Эльдар Мұртазин. Ал «Твиттерде»«залдағы көңіл-күй жерлеу рәсіміндегідей болды» деп жазған. Себебі жиналғандар комментарий күткен. Комментарийді айтасыз, журналистерге телефонды көруге де бермеген. Сарапшының пайымынша, жаңа смартфонда бірнәрселер істемеуі де мүмкін, соны білдіргілері келмеген. Иә, бұның бәрі Қытай мен АҚШ-тың сауда соғысының салдары. Huawei компаниясы АҚШ тарапынан санкцияға ілінгені мәлім. «Түр бермеуге» тырысқандарымен,Рейтер мен Goldman Sachs банкінің деректерінше, Huawei-ге компонент жеткізетін компаниялардың ішінде қытайлық компаниялар бірінші орында болғанымен, екінші орында америкалық компаниялар... Ал Қазақстанда Huawei телефондарын қолданатындар аз емес. Әлішер Өмірзақ саясат пен экономиканың бөлек-бөлек тармақтар еместігін, яғни параллельдер емес, перпендикуляр түсетін сызықтар екенін дәлелдейтін мысалды тарқатады.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Huawei «құпия мәліметтерді жинайды, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр»,- деген Ақ үй қожайыны Дональд Трамп 16 мамыр күні оны «қара тізімге» енгізді. Америкалық компанияларға қытайлық техногигантпен 90 күн ішінде арақатынасты үзуді тапсырды. Арада үш күн өткесін Google корпорациясы алғашқы болып Huawei-мен сауда-саттықты тоқтатты. Енді Huawei смартфондарында тұрған операциялық жүйе «Android» жаңартылмайды. Жаңа шығатын смартфондарына бұл жүйені қолдануына рұқсат жоқ. Бұл жайт екі ел арасындағы саяси сауда соғысының одан әрмен өршуіне, жеке меншік бизнестің шығынға ұшырауына әкеп соғып отыр.

Қытай тарапынан жауап көп кешіккен жоқ. Huawei компаниясының президенті Жэнь Чжэнфэй: «компанияның күні қараң»,- деу еш негізсіз екенін жеткізді.

Жэнь ЧЖЭНФЭЙ, HUAWEI КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ:

Бүгінде Huawei-ді тығырыққа тіреді деп АҚШ-ты айыптамаңыздар. 30 жыл бойы олар біздің өсуімізге үлес қосты. Ол үшін оларға рақмет айтамын. Нарықта біз бір-бірімізге тәуелдіміз. АҚШ саясатының әсері сезілгенімен, біздің алға жылжуымызға еш кедергісін келтіре алмайды. Біз ең жылдам 5G интернетін енгізу бойынша әлемнің алпауыт компанияларынан 2-3 жыл алда келеміз. Сондықтан бізді технология әлемінен сызып тастау, бағаламау – қате.

Расымен де, қазір ұялы байланыстың 5-ші буынын әзірлеуде қытайлар өзге бәсекелестерінен бір қадам алда. Оған патенттердің көпшілігі Huawei-ге тиесілі екендігі дәлел. Сондықтан алдағы уақытта америкалық ұялы телефон шығарушы компаниялар,«Apple» секілді, жылдам интернет үшін Huawei-ге тәуелді болуы мүмкін. Жэн Чжэнфэйдің «экономикалық тәуелділік» дегені осы.Телефон Қытайдікі, ал оның процессері басқа мемлекеттікі дегендей. Мәселен, смартфонның негізгі бөлігінде 6 бөлшек болса, оның 3-еуін АҚШ компаниялары жеткізеді. Ал АҚШ-қа еріп өзге ел компаниялары да Huawei-ге жеткізіп отырған құрылғыларын тоқтататын болса, жағдай мүлде ауыр болады. Сондықтан қытайлар өзге әріптестері жағдайды дұрыс таразылап, оң шешім қабылдайды деген сенімде.

Абрахам ЛЮ, ЕУРОПА БОЙЫНША HUAWEI КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

АҚШ-тың қазіргі билігі тарапынан жасалған лоббистік қысым шектен шықты. Бірақ біздің еуропалық серіктеріміз бен клиенттеріміз болып жатқан жағдайды таразыға салып, өз бетімен шешім қабылдайды деген сенімдеміз.

Қытай АҚШ-тың берген 90 күніне қарап отқан жоқ. Алдағы уақытта «Hongmeng» атты өз операциялық жүйесін таныстырады. Huawei-дің негізгі ақпарат таратушы көзі «Huawei Central» бұл деректі растап отыр. Дегенмен 21 мамыр күні шыққан Honor 20 смартфонында Android 9.0 нұсқасы қолданылған.Ал еліміздегі танымал техно-блогер Максим Якименко жаңа жүйе күзде смартфондарда пайда болуы мүмкін дейді.

Максим ЯКИМЕНКО, ТЕХНО-БЛОГЕР:

АҚШ тарапынан осындай әрекеттің болатынын Huawei компаниясы ескерген. 2018-ден бастап олардың өз процессері бар. Алдағы уақытта смартфондарына жаңа операциялық жүйе шығарады. Тек онда қазір қолданып жүрген мобильді қосымшаларды жүктеу қиындық тудыруы мүмкін. Себебі әрбір мобильді қосымшаның авторын жаңа жүйеге тартуы керек. Және ол жүйеде, қазіргі реаллиге сүйенсек google де, google карта және gmail поштасы да болмайды. Себебі олар сол АҚШ компанияларына тиесілі.

АҚШ Huawei-ді қара тізімге енгізгелі «Amazon» интернет-дүкенінде бұл компанияның тауарларына тапсырыс күрт төмендеген. Бірақ Қытайда қолданушылар саны сол қалпы. Себебі оларда google, google почта және youTube бұрыннан қолданылмайды. Билік шектеу қойған. Бұл сауда соғысы Еуропа сияқты біздің елдің де тұтынушыларын алаңдатып отыр.

Елена РОМАНОВА, ТЕХНИКА ДҮКЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бізге келіп алаңдаушылық білдіріп жатқандар бар. Бұл смартфонды алсам, кейін істемей қалмай ма деп сұрайды. Дегенмен жалпы сатылымға кері әсерін тигізе қойған жоқ. АҚШ тарабы шектеу қойғанға дейін Android операциялық жүйесімен шыққан сматрфондар сол қалпы жұмыс істей береді.

Экономист Айбол Арғынғазиев АҚШ ұстанған саясатын өзгертпейтін болса, бұл «соғыс» жақын арада тоқтамайтынын айтады. Оның салдары Қазақстан секілді дамушы елдердің экономикасын да айналып өтпейді.

Айбол АРҒЫНҒАЗИЕВ, ТАЛДАУ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Тек қана ҚХР емес, АҚШ-ның да дамуына кері әсерін тигізеді. Және мультипликативті жанама түрде әлемдік сауданың азаюына да ықпал етеді. Әсіресе дамушы нарықтарға әсер етіп, дамушы мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі төмендейді.

Ал бейсенбі күні Дональд Трамп Қытаймен сауда мәмілесіне келу үшін Huawei-дің рөл ойнауы мүмкін екенін айтты.

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қытаймен арада келісім-шартқа келу үшін «Huawei» компаниясы да қосылуы мүмкін. Сауда мәмілесіне келіп жатсақ, «Huawei» компаниясы белгілі бір формада немесе мәміленің бір тармағы ретінде қаралады деп ойлаймын.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Бұған дейін де АҚШ ZTE компаниясын айыптап, әлемдік нарықта қалу мақсатында олар үлкен айыппұл төлеген. Ал Huawei мәмілеге келу үшін мұндай қадамға баруды қаламайды. Huawei-дің қолынан Америкаға тәуелді болмау келеді, дейді әлемдік сарапшылар. Расымен де, қытайлық компанияның кірісі жыл сайын өсіп келеді. Ал 2019-дың алғашқы 3 айында америкалық Apple-ден 36 млн смартфон артық сатқан. Қытайлық компанияның алдағы тағдыры тұтынушыларға тікелей байланысты. Мәселе сіздің үйреншікті Android-ті немесе IOS-ті таңсық қытайлық операциялық жүйеге алмастыруға дайын, дайын еместігіңізде! ...Жеке меншік бизнес мемлекет саясатынан ары аса алмай қалады. Немесе саясат бөлек, экономика бөлек деген болмайды.

Ә. Өмірзақ «Біздің уақыт».