Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарлық мемлекеттік қызметкерлер ым тілін меңгере бастады

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2019
  • 2454

Қызылжардағы мемлекеттік қызметкерлер ым тілін меңгере бастады. Игі бастамаға мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент мұрындық болған. Ишарат тілінің көмегімен құзырлы орган шенеуніктердің қызмет көрсету сапасын арттырмақ. Кембағал жандар ым тілінде қандай қызмет ала алады? Абзал Құрманкин баяндайды.  

Бұған дейін Антонина Кондратьеваның күні судроаудармашыға қарап келді. Мемлекеттік қызметкерлер ым тілін меңгергелі шаруасын өзі-ақ тындыратын болған. Кембағал жандар бірлестігін басқаратын 3 топ мүгедегі кедергінің жойыла бастағанына риза.

Антонина КОНДРАТЬЕВА, СҚО "САҢЫРАУ ЖАНДАР" БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Солтүстік Қазастанда 500-ге жуық есту қабілеті нашар адамдар бар. Олардың біраз бөлігі маған жолығады. Енді мен олардың мәселесін шешейін десем, өзіме бекітілген аудармашыға тәуелді болып отырамын. Қазір мемлекеттік қызметкерлер біздің тілімізді меңгеріп жатыр. Осының арқасында біздің жұмысымыз да жеңілдей түседі.

Солтүстік Қазақстан облысында есту және сөйлеу қабілетінде ақауы бар мыңнан астам жан бар. Оның бес пайызы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Кіріс департаменті оларға көрсетілетін қызмет қолжетімді болу үшін екі маманды арнайы курстан өткізген.

Серікжан ҚАДЫРОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бүгінде Петропавл қалалық мемлекеттік кіріс департаменті 230 мың тұлғаға қызмет көрсетеді. Алайда мүгедек жандар бізге онша келе қоймайды. Біздің екі маман ым тілін меңгеріп алды. Енді тағы біреуі курстан өтеді. Әзірге осы үш маман жеткілікті деп ойлаймыз.

Осы уақытқа дейін ым тілімен тек халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары ғана сөйлесе алатын. Биылдан бастап бұл тәжірибе барлық мемлекеттік мекемелерге енгізілмек. Әзірге арнайы оқудан 20 қызметкер өткен.

Лаура ҚАЙЫРЖАНОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мемлекеттік қызметкерлердің алғашқы легі бір ай оқыды. Олар ең алдымен ым тілінің әріптерін үйренді. Кейін жұмыс барысында көп қолданылатын сөздерді жаттады. Оқуды бітірген мамандар ишарат ету тілін жетік меңгерді. Енді жыл соңына дейін тағы жүзге жуық маманды оқыту жоспарда бар.

Мемлекеттік басқару академиясы ендігі аптадан бастап медицина қызметкерлерін оқытпақ. Бұл жоба әзірге тек Қызылжар өңірінде ғана жүзеге асып жатыр. Енді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік бұл тәжірибені бүкіл облыстарға енгізуді жоспарлап отыр.

А. Құрманкин