Белгілі бір кандидатқа дауыс беріп, бюллетеньді әлеуметтік желіге жариялаған сайлаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында брифинг өткізген Бас прокурордың орынбасары мәлімдеді. Болат Дембаев толтырылған дауыс беру парағын жария етудің үгіт-насихатқа жататынын ескертеді. Бұдан өзге маңызды ақпараттармен тілшіміз Ақерке Бектас бөліседі. Ақерке, сіз тікелей эфирдесіз?!
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
-Рақмет, Ләйлә! Елде үгіт-насихат 11 мамырда басталып, 7 маусымда аяқталғанын еске саламыз. Сайлау күні үгіт-насихат жүргізуге заңмен тыйым салынған. Сондықтан бас прокуратура сайлаушыларды тәртіптік ережелерді сақтап, үгіт жүргізбеуге шақырады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға айыппұл да салынуы мүмкін. Бол ат Дембаев баспасөз мәслихатында ереже бұзған тұлғаларға қанша айыппұл салынатыны ескертті.
Болат ДЕМБАЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Талап жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да, байқаушыларға да бірдей. Сайлау туралы Конституциядық заңның 20-1 бабы бойынша ешкім белгілі бір тұлғаға деген жақтастығын білдірмеуі керек. Әлеуметтік желілердегі жазбаларға комментарийде де нақты канидадатқа қолдау білдіруге болмайды. Бұл үгіт жұмысы болып саналып кетеді. Барлық фактілер бойынша тексеру жүргізіліп, әкімшілік айыппұлдар салынады.
Сағат 12:00-дегі жағдайға сәйкес тізімге енгізілген сайлаушылардың 35,1 пайызы бюллетень алды. Бұл туралы ОСК мүшелері брифингте айтқан болатын. Олардың ішінде Ақтөбе облысы 50,3 пайызбен көш бастап тұр. Кейінгі орында Алматы. Тұрғындардың 47,3 пайызы дауыс беру парағын алған. Үштікті Ақмола 45,9 пайызбен түйіндеді. Ал Алматы қаласы 19 пайызбен тізімнің соңында.
Ләззат Сүлейменова, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Айта кетейік, Қазақстанда Президенттік сайлау осымен 6-шы рет өтіп жатыр. Кандидаттар саны жетеу. Саяси додаға төрт партия мен үш қоғамдық бірлестік өкілдері түсіп отыр. Олардың орташа жасы 59-ды құрайды. Тұңғыш рет әйел саясаткер бақ сынамақ. Еске слсақ, Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда Президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеп, бір күнде күллі жұртты таң-тамаша еткен. Содан соң, билікке заң бойынша автоматты түрде Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол бір айдан соң, кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.
Айта кетейін, сайлауды бақылауға шет мемлекеттерден 1013 адам тіркелген. Оның 866-сы 9 халықаралық ұйымнан, ал 147-сі 41 елден келеді. Қазақстанда дауыс беруге құқы бар 12 млн-ға жуық сайлаушы бар.
Қазір елде саяси науқаннан қалыс қалып жатқандар жоқ деуге болады. Тіпті абақтыдағы айыпталушылар да, табанасты ауырып қалған науқастар да бәрі-бәрі өзінің сайлау құқығын пайдалануда. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық мекемелерде 7 мыңға жуық сайлаушы дауыс береді деп күтіледі. Ал ол жерде шет елден келген бақылаушыларға көмектесетін ағылшынтілді ақ халаттылар да алдын ала дайындықтан өткен. Әзірге осы. Ләйлә?
-Рахмет. Еске салайын, Орталық сайлау комиссиясынан тікелей байланысқа шыққан әріптесім Ақерке Бектас болатын.