Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент сайлауына қатысқан қазақстандықтардың 73 пайызы өз таңдауларын жасады

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2019
  • 2630

Президент сайлауына қатысқан қазақстандықтардың 73 пайызы өз таңдауларын жасады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері брифингте мәлімдеді. Саяси науқанда шетелде тұратын қазақстандықтар белсенділігі қандай? Данияр Қайыртай Орталық сайлау комиссиясынан тікелей байланысқа шықты. Данияр, соңғы ақпараттармен бөліссеңіз... 

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Ия, Оксана. Сағат 7-де есігі ашылған 9 мыңнан астам сайлау учаскесіне 12 миллионға жуық адам келу керек еді. Бірер минуттан соң оның қаншасы дауыс беріп үлгергені жарияланбақ. Әзірге дауыс беруге құқы бар азаматтардың 73 пайызы өз таңдауларын жасап үлгерген. Статистиканы салыстырсақ, сайлаушылардың дауыс беру қарқыны кешке қарай бәсеңдегенін аңғаруға болады. Сағат төрттегі есепте сайлаушылар белсенділігі 7 пайызға ғана өскен. Бұл жолы тізімді Алматы облысы бастады. Тұрғындарының 86,3 пайызы дауыс беріп үлгеріпті. Ақтөбе облысы үштіктен түскен емес. Бұл жолғы статистика бойынша 84,1 пайызға жеткен. Қостанай облысында дауыс бергендер күрт көтерілді. 81,1 пайыз. Ал миллионнан астам халқы бар 3 мегаполистегі белсенділік те жаман емес.

Бақыт МЕЛДЕШОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Алматы қаласы бойынша 49,2 пайыз, Шымкент қаласы бойынша 63,6 пайыз және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 63,7 пайыз.

Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Роман Василенко брифинг өткізді. Ол шетелдегі Қазақстан азаматтарының белсенділігі туралы ақпаратпен бөлісті.

Роман ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Шет елдердегі сайлау учаскілерінде 8322 адам дауыс беріп үлгерді. Яғни өзге елдерде дауыс беру үшін тіркеуден өткен азаматтардың 54 пайызы өз таңдауларын жасады. Бұл бір сағат бұрынғы мәліметтер. Айта кету керек, шетелдердегі учаскілерде де біздің ел тарапынан және халықаралық ұйымдардың бақылаушылары қатысуда.

Естеріңізге салайын, бұл ел тарихындағы 6-шы президент сайлауы. Ол тұңғыш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өтті. Бұл жолы саяси додаға 7 кандидат түсіп отыр. Олардың 4-еуі партия атынан, үшеуі қоғамдық бірлестік атынан ұсынылды. "Менің айтарым осы. Тура жарты сағаттан кейін жаңа ақпарлармен әріптесім Анар Сүйінбаева орыс тіліндегі жаңалықтарда таныстырады. Ал мен түнгі 12-де соңғы мәләіметтерді айтатын боламын. Сондықтан арна қосулы болсын.

Д. Қайыртай