Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтандық шенеуніктер жаппай дауыс берді

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2019
  • 2381

Бүгінгі сайлауға шенеуніктер белсене қатысты. Дауыс берген жоғары лауазым иелерінің арасында тұңғыш президенттен бастап, үкімет басшысының орынбасары, Парламент депутаттары, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі де бар. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолғы сайлауда әдеттегідей үміткер ретінде емес, сайлаушы ретінде ғана дауыс берді. Саясат сахнасында жаңа буынға орын босатқанын айтқан ол елдің болашағына сеніммен қарайтынын білдіріп, сайлауда сынаққа түскендерге сәттілік тіледі.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгін барлық Қазақстан халқы Президент сайлауына қатысып жатыр. Әр уақытта әр елде мұндай сайлау деген халық үшін, ел үшін тарихи шешім болып саналады. Ел, жұрт сайлау учаскелеріне келіп, президентті ғана сайламайды. Өзінің тұрмысын, тағдырын, болашаққа деген үмітін көрсететін болады. 

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев таңертең отбасымен бірге келіп дауыс берді. Бүгінгі сайлаудың маңызды екендігін айтқан ол отандастарымыз азаматтық борышын орындауы керек, деп сайлауға шақырды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов та дауыс берді. Нөмірі 113-ші сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев келді. Дегенмен еліміздің Бас полицейінің тығыз жұмысы шығып қалды ма, тіпті тілшілермен тілдесуден қашып, көлігіне жеткенше асықты. Сұхбат беруден тартынған шенеуніктердің арасында Бірғаным Әйтімова ерекше көңілді көрінді. 

Бірғаным ӘЙТІМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Головкиннің айқасын көрдім. Сосын соған қуанып, бәріне хабарласып, мамаммен амандасып келдім. Таңғы жетіден жүгіріп келіп дауыс беру міндетті емес. Сондықтан да әркім өзінің жағдайына байланысты келеді.

Е. Карин