Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

  • AstanaTV
  • 25 қазан 2017
  • 4830

Қарағанды қаласында Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Ұлы қазақ ойшылы Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылық мұрасы - қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды факторы» тақырыбындағы ағарту жиынына Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Түркия елдерінің ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференция қатысушылары Қарағандыдағы Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін тарихи кітаптар мен фотолар көрмесін тамашалады. Қазыбек бидің данагөйлігі мен билігі, дипломатиялық қарым-қатынастағы жоғарғы мәртебесі туралы монографияның тұсауы кесілді. Авторлардың айтуынша, «Қаз дауысты Қазыбек би және оның тарихи заманы» кітабына Пекин және Ресей мұрағаттарынан алынған сирек қолжазбалар енген. Онда Цин және Ресей елшілері Абылай хан сарайындағы әкімшілік құрылым мен ру билері туралы жазады. Конференцияда Қазыбек бидің Ата заңымыздың түп негізі «Жеті жарғыны» шығаруға, қазақ халқының алғашқы құқық негіздерін қалыптастыруға қосқан үлесі туралы еңбектер таныстырылды.

Темірғали Аршабеков, тарихшы:

«Сол кезеңдегі Орта жүздегі қазақ халқындағы бүкіл билік дәстүрлердің барлығы осы Қаз дауысты Қазыбек бидің маңайында өрбіп отырған. Қазақ сұлтандары, хандарының, Түркістандағы Әбілманбет, Тәуке хандардың барлығы осы Қазыбек бимен санасып отырғанын тарихтан білеміз».

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

«Қазыбек биді біз жершілдік емес, мелекетшілдік деңгейде қарастыруымыз керек. Ең маңыздысы, үш биді үш жаққа бөліп қарастыра алмаймыз. Себебі үш би әрқашан ауызбіршіліктің, ел тұтастығының және бірліктің символы еді».