Шымкентте ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орнындағы курс бастығының орынбасары мен тыңдаушысы арасындағы кикілжің төбелескке ұласқан. Екіншісінің жақ сүйегі сынған. Ал оқу орны қызметкерінің денесі көгеріпті. Бұл ақпаратты оқу орны басшылары растады. Олардың айтуынша келеңсіз жағдай жатақханада болған. Зардап шеккен 27 жастағы тыңдаушы Тараз қаласының тұрғыны. Ол мұнда полиция қызметіне жұмысқа тұру үшін арнайы үш айлық курсқа келген. Бірақ олардың не себепті төбелескені белгісіз. 1992 жылғы курс бастығының орынбасары қазір қызметінен уақытша шеттетілген.
Айболат МАЙМАҚОВ, ҚР ІІМ Б.МОМЫШҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КАДР ЖӘНЕ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Курс бастығының орынбасары осы тыңдаушылармен тәрбие жұмысын жүргізеді. Солармен сабаққа әкелу, апару, барлық тәрбие жұмыстарды курс бастығының орынбасары жүргізеді. Сол күннен бастап тәртіптік комиссиямен қызметтік тексеру жүргізіп жатырмыз.
Әсел СӘДЕНОВА, ШЫМКЕНТ қ. ПД ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл жәйт бойынша қазіргі таңда қылмыстық кодекстің 107 бабымен тексеріп тергеу амалдары жүргізілуде.
Құқыққорғау органы қызметкерлерінің қатысуымен болған бұл алғашқы келеңсіздік емес. Еске салсақ, екі күн бұрын Орал қаласында полицейлер автокөлік ішінде отырып алысып жатқанын сол маңнан өтіп бара жатқан куәгерлер түсіріп алған болатын. Сол кезде керіскендердің бірінің қолында пышақ болған деген ақпарат та бар. Заң саласының қызметкерлері қызметінен шеттетілуі мүмкін. Ол жағын тәртіптік комиссия шешеді.
А. Төребекқызы