Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде "Арыңды асқа сатпа" жобасы бастау алды

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2019
  • 2862

Елде "Арыңды асқа сатпа" жобасы бастау алды. Бұдан былай тұрғындар мемлекеттік қызметкерге көрсетілген заңсыз қызмет жөнінде хабарлай алады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифингте айтылды. Ауыл-аудан, қалаларға іссапармен барған шенеуніктің жатын орын, ішер асын өзге біреулер төлейтін болса, екі тарап та жауапқа тартылады. Ауылға баратын бір қызметкер кемі 15 мың, облыс орталығына барғандар 25, ал ірі қалаларға барғандар кемі 50 мың теңге пайда көретін көрінеді. Мемлекеттік қызметкерге көрсетілген "қонақжайлықты" тұрғындар 8 747 7 505 505 колл орталығы немесе ватсап, телеграм желісі арқылы хабарлай алады. Олардың әрекеті заңсыз екені расталса, 70 есе айыппұл салынып, тіпті сотталуы мүмкін. Ал оны хабарлағандар жауапқа тартылмайды. Арнайы мониторингтік топ өкілдері жемқорлыққа төзбейтін қоғам қалыптасып келе жатқанын ескертті. 

Мұрат ӘБЕНОВ, АРНАЙЫ МОНИТОРИНГТІК ТОП МҮШЕСІ :

Тек қана ақшасын төлеген адамдар ғана емес, сырттан байқап қалған адамдар да хабарлауы керек. Біз кейбір кезде айтамыз «әрине, анау бизнес өкілі мықты, ол әкіммен дос. Қонағының бәрін күтеді, дастархан жаяды, әрине, тендердің бәрі сонікі» дейміз. Сол себептен сырттан байқаған адамдар да фотосуретке түсіріп, бізді хабардар ету керек.

Бұған дейін агенттік төрағасы фейсбуктегі парақшасында іссапарға бөлінген ақшаны қалтаға басып, өзгелерді пайдалану әдетке айналғанын айтты. Енді бақылау күшейетілетінін мәлімдеді. Ал осындай дерек болса, Шпекбаев өзінің электронды поштасына хат жазуды немесе 1424 нөміріне хабарласуды сұрады. 

Г. Меңдеева