Русский Сайттың толық нұсқасы

Грузияда тәртіпсіздікке барған барлық азамат жазаға тартылады, - Мамука Бахтадзе

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2019
  • 2779

Грузия премьер-министрі Мамука Бахтадзе тәртіпсіздікті ұйымдастырған барлық кінәлі азаматтардың жазаға тартылатынын мәлімдеді. Ал президент Саломе Зурабишвили ел ішінде бүліктің орнауына Ресей тарапы мүдделі екенін айтады. Жуырда Тблисида халық жаппай ереуілге шыққан болатын. Оған Ресейлік депутаттардың Грузиядағы парламент аралық православ ассемблеясының отырысына қатысуы түрткі болды. Әсіресе ресейлік шенеунік Сергей Гавриловтың Грузия парламенті спикерінің орнына отырғаны халықтың ашуын қоздырды. Бұқара лезде парламенттің алдына жиналып, спикер, ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы мен ішкі істер министрінің қызметінен кетуін талап етті. Елдің бас полицейі халықтың ұсынысын қанағаттандыруға дайын екенін жеткізді. Айта кету керек, ереуіл кезінде ашынған азаматтарға қарсы резеңке оқтар мен көзден жас ағызатын газ қолданылған болатын. Көтерілістің салдарынан барлығы 70-тен астам адам жапа шекті. 

Отар ХАРШИЛАДЗЕ, БЕЛСЕНДІ АЗАМАТ:

Осы ереуілдің арқасында біз Ресейдің Грузияда өктемдік жүргізуіне жол бермейтінімізді көрсетеміз. Өкінішке қарай, қазіргі үкімет соңғы жеті жыл бойы бұған жол беріп келеді. 

Кешке таман полиция белсенділерді парламент ғимаратының алдынан қуып жіберді. Алайда, Руставели даңғылында түнімен қақтығыстар тыйылмады. Акция қатысушылары Тбилиси Марриот қонақ үйінің алдында шоғырланып, полицейлерге кедергі болуға тырысты. Таң ата тәртіп сақшыларының қысым көрсетуімен жұрт тараған болатын. Ал арнайы жасақ парламент ғимаратын әлі де күзетіп тұр. Коммерсант порталының хабарлауынша, жаппай қақтығыстардың салдарынан жүзге жуық адам жарақат алды. Ондаған азамат көзден жасаурататын газ кесірінен дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Олардың басым бөлігі әйелдер. Ал бүгін Ресейлік сыртқы істер министрлігі Мәскеу радикалдардың Тбилисидегі алқалы жиынды тоқтатқандығына ашулы екендерін жеткізді.

А. Құрманкин