Русский Сайттың толық нұсқасы

Газ мамандары шеберлік сынында сүрінген жоқ

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2019
  • 2888

Әр үйде маздап жанған көгілдір отын сөне қалса, бірінші іздейтініміз - газ мамандары. Газ кен орындарын барлау, бұрғылау - оны өндіріп, тазалау, тасымалдап тұтынушыға жеткізу тізбегін мінсіз басқарып отырған сала мамандары 9 млн қазақстандықтың үйіне жылу мен шаттық сыйлап отыр. Қауіпсіздікті ту еткен "ҚазТрансГаз" компаниясы Қызылорда облысында өз ісінің шеберлерін анықтайтын ауқымды байқау ұйымдастырды. 

«Үздік маман» деген атаққа «Интергаз Орталық Азия» компаниясының барлық аймақтық филиалынан келген жүзге тарта қызметкер үміткер болды. Олардың арасында дәнекерлеушілер, бұрғылаушылар, мұнай және газ өндіру операторлары және өзге де мамандар өз шеберліктерін көрсетуге тырысты. Он бір мамандық өкілі өзара бақ сынады. Жарыстың басты кезеңдерінің бірі - қауіпсіздік техникасы бойынша сынақ тапсыру,- дейді кәсіпорын басшылығы. 

Мұхатай ШАҢБАТЫРОВ, «ИНТЕРГАЗ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Газбен байланысты болғандықтан жүйенің өзі қауіпсіздікті қажет етеді. Бірінші кезекте объектілерді қауіпсіз пайдалану мәселесі тұр. Сондықтан біз кімнің мықты екенін білеміз. Екіншіден бұл жарыс мамандарды үздік болуға ынталандырады. Жыл бойы сыйақы беріледі. Бірінші, екінші, үшінші орын алатын мамандар жыл бойы қосымша қаржыландырылады. Біз саланың үздік мамандарын көргіміз келеді.

Кәсіпорын тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Үздіксіз процесс ұлттық оператордың барлық нысандарында жүйелі жүзеге асады. Ісіне берік, нағыз мамандардың арқасында көпшілік көгілдір отынның игілігін көріп отыр,-дейді компания басшылығы. Биылғы байқауда Төлеген Сатарқұл жеңімпаз атанды. Шымкенттік маман шын мықты екенін мойындата білді. 

Төлеген САТАРҚҰЛ, «ҮЗДІК МАМАН-2019» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ /ШЫМКЕНТ/:

Бұл байқау тек қана жас маман емес, бүкіл жұмысшыларға осы компанияның үлкен отбасының мүшесі ретінде сезінуді береді. Көптеген қуаныштар, мейрамдар белсенді өмір сүруге құлшынысын күшейтеді. Жас мамандар өздерінің мүмкіншіліктерін сынайды. Біздің жас мамандар компанияның болашағы болатынына сенімдімін. Өз маманның шебері болсан еш қиындық алдында тұрмайды. Барлығы жеңіл алынады.

Ұйымдастырушылар үздік деп танылғандарға жыл бойы жалақымен қоса үстемақы беріледі - деп уәде етті. Байқауға атсалысқандар болса үш күннің ішінде шеберліктерін шыңдап, мол тәжірибе терең ілім алғандарын айтады. Ал аймақтық филиал басшылары межелі міндет, ілкімді жобалар мен жаңа бағыттарды талқылады. 

З. Санай