Русский Сайттың толық нұсқасы

Сандықта жататын «табақтай» диплом. Кәсіп меңгеру – өзекті!

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2019
  • 5065

Ұлттық бірыңғай тест өтіп жатыр, әрі қарай жоғары білім алу үшін грантқа талас. Жаппай жоғары білім алу деген... Университет бітіріп, жұмыс таппай жүру, мүлдем басқа салаға кету – бізде қалыпты жағдай. Білім сапасы, деңгей - ол бір терең тақырып, жалпы, «жоғары білімі бар» деген деген диплом дым бермесе, оның керегі қанша? Адам үшін уақыттан қымбат не бар? Өмірден жолыңды уақыт жоғалтпай табудан маңызды дүние бар ма? «Nazarbayev university»-ң ассистент-профессоры Манат Мұстафа айтады:

Бір жағынан алып қарасаңыз, біздің ұлттың ғылымға, білімге деген көзқарасы жақсы екенін көрсетеді, екінші жағынан, диплом үшін оқу бар, алайда бір компанияға барып жұмысқа тұрғыңыз келсе, ол сізден диплом сұрамайды, бір нәрсені істей аласыз ба, соны сұрайды. Манаттың интервьюін бағдарлама соңында береміз, қазір Айжан Қуаш сандалып қалмауға септесетін кәсіптік білім алудың маңыздылығын кейіпкерлерді кірістіре отырып әңгімелейді. Тіпті «жұмыссыз қалмайды» дейтін мұғалімдік оқуды бітіріп, сұлулық салонын ашып кеткендер бар. Ал ұстаздық қылуға ниеті жоқтар сабақ беріп жүргенін ойласақ, күрсіндіреді. «Нансыз қалмайсың» деп ата-анасы талап еткен оқуға барғандар және баратындардың обалы кімге? Жұмыс табудың, кәсіп ашудың оңай еместігі – оның бір ұшы коррупция мен тамыр-таныстыққа барып тірелетінін білеміз. Дегенмен. «Өй, өйту мүмкін емес» деп отырғаннан бірнәрсе өзгере ме?

Нұргүл Сүлейменова – шаш сәндеудің шебері. Шаштараз-стилист қыздың клиенті көп. Десе де ол табыстың көзін бірден таппаған. Мектептен соң инженер мамандығына оқыды. Магистр атағын қорғап, 5 жыл бойы байланысшы- радиотехник болып жұмыс та істеген. Алайда сонша тер төккен қып- қызыл дипломы рақат сезіміне бөлей алмады. Ақыры былтыр жүрек қалауы бьюти индустрия екенін мойындаған. Сөйтіп бұрынғы жұмысын бір-ақ күнде тастап, жаңа мамандықты игеріп алды. Бүгінде шағын салонды жалға алып, пайдаға кенеліп отыр.  

Нұргүл Сүлейменова, шаштараз-стилист:

Қатты маған ұнайды. Осы мамандық маған көп қуаныш әкеліп жатыр. И не только қуаныш, ақша, жақсы табыс алуға болады. Бізде қазір басқа заман. «Быстрые деньги», - деп айтып жатыр. Қазір можно легко, шын жүректен как с любовью айтады ғой, мамандықты алуға, можно быстро заработать.

Қызылордалық Динара болса сұлулық индустриясын ауылда дамытуды армандайды. 20 жастағы қыз қаладан 50 шақырым қашықтағы Тереңөзек кентінде қыз-келіншектерге арналған салон ашқан. Облыстың ең жас кәсіпкері атанған Динараның мамандығы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Ол да қызыл дипломның иегері. Бірақ мектепте сабақ берудің орнына әйел затын әдемілеуді таңдаған.

Динара Мұхтарова, кәсіпкер:

Әрине, мұғалім болу өте сыйлы, құрметті мамандықтың бірі. Мен мұғалімдіктен қаштым деп айтпаймын. Бірақ өзімнің ес жиғалы арманым бар тұғын. Әрі қарай осы салонды дамытып, үлкейткім келеді. Сұлулық мектебін ашқым келеді. Мен сияқты қыздарға үйретіп, олар да өз-өздерін қамтыса деймін. Қалай өзін-өзі ұстауды, бизнесті қалай бастауды, барлығын үйретемін.

Қырық мыңдай халқы бар аудан тұрғындары ауылдан салон ашылғанына қуанады. Бұған дейін той- томалақта қалаға жүгіретін жұрт, енді Динараның салонынан шықпайды. Оларға мұнда 6 маман қызмет көрсетеді.

Алмагүл Бахтиярова, ҚР мәдениет қайраткері:

Бұрын осы қандай мероприятие болса да қалаға жүгіретінбіз. Қызылорда осы жақтан елу шақырым. Барасың, келесің, кезекте тұрасың. Қанша уақытымыз кетеді. Енді үйдің қасынан өздеріміздің балдарымыз, мінеки, сұлулық салонын ашты. Кісілер де көп, мастерлер деген керемет. Ең бастысы-қаражатты үнемдейді, уақытты үнемдейді.

Еңбек биржасы мамандарының айтуынша, соңғы жылдары жұмыс берушілерді былай қойғанда, жұмыссыздар тарапынан да орта кәсіп мамандықтарына сұраныс артқан. Әсіресе, сән индустриясы мен ресторан бизнесіне. Сондай- ақ, өнеркәсіптерге жұмысшылар керек. Сондықтан заңгерлер мен қаржыгерлердің өзі мамандықтарын өзгерте бастаған. Пайдасыз дипломдарын тастап, жаңа кәсіп ашқысы келетіндер аз емес.

Айжан Қуаш, тілші:

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп дамымағанына қарамастан, бүгінде тігінші, пішуші болғысы келетін қыз- келіншектердің қатары көбейген. Әрине, жұмыс таба қоярлық тігін фабрикалары аз, дегенмен өз кәсібіңді ашуға таптырмайтын мүмкіндік. Тым болмаса қажетті киім- кешегің мен бұйымдарыңды тігіп ала аласың.

Талпынған Ақнұр Аманжолова да шағын ателье ашып алған. Былтыр жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, тігінші мамандығын оқыған соң грант ұтып, жеке ісін ашты. Қазір өзінен басқа екі адамды жұмысқа алған. Ақнұрдың айтуынша, ол мектепті бітірген соң оқуға түспеген. Тұрмысқа шығып балалы болған соң ғана өз мамандығын таңдаған. Онысы үшін еш өкінбейді. Керісінше, жанына жақын ісін ақыл тоқтатып, есейген соң қолға алғанына қуанады. Жастарға дипломға емес, өз қабілетіне мән беруге кеңес берді.

Ақнұр Аманжолова, кәсіпкер:

Көп адамдар өзінің қалауынсыз жұмыс атқарады. Жұмысын істегісі келмей істейді. Сондай көп кездеседі, мысалы. Өз-өзін таппаған адамдардың сөзі деп ойлаймын. Одан кейін өзінің жұмысын ауыстырып жатады. Өз-өзін табу бірінші мақсат деп ойлаймын. Әркім өз қолынан келетін жұмысты істеу керек.

Мамандар да нарықтың сұранысы мен жеке қабілетке байланысты мамандық таңдаған дұрыс екенін айтады. Өйткені арнайы сараптама жұмыссыздыққа көбінесе «диплом алу үшін» оқығандар ұшырайтынын көрсеткен. Табыстың кілтін таппай, әу баста кәсіп таңдауда шатасып жұмыссыз қалған азаматтарға мемлекеттік қолдау бар. Қарағанды қаласының 24 оқу орны 81 мамандық бойынша қысқа мерзімді тегін оқу оқытады. Жыл сайын 800- 900 ден астам адам небәрі 1- 6 ай аралығында қалаған мамандығын алып шығады. Әрқайсына 16759 теңге көлемінде шәкіртақы, ауылдан келетіндерге жатар орнының шығыны мен жолақысы төленеді.

Нұржан Сыздықов, Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы:

Шаштаразшылар, аспазшылар, дәнекерлеушілер, бульдозеристар, жұмысшы мамандықтар көбінесе оқытылып жатыр. Бүгінгі таңда сұраныстар көп. Сол себептен сол мамандықтар оқытылып жатыр. Бүгінгі таңда гранттар бөлінген. 60 грант бөлінген. Оның ішінде жаңағы 505 мың теңгеден, ол жаңағы қайтарымсыз гранттар.

Алмас Мұстафин, Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

Нарықта қандай мамандыққа сұраныс бар, сол бойынша анализ жүргізіледі. Сол бойынша кәсіптік оқуға жібереміз, бітіргеннен кейін жұмысқа тұруға оңай болу үшін. Биылғы жылы 945 адамдай оқытамыз деп отырмыз. Қазіргі таңда 578 адам оқып жатыр. Былтырғы жылы 724 адам бітірді. Олардың 75- 80 проценті жұмысқа орналасты.

Оқытушылардың айтуынша, жұмысқа орналасу жағынан аспазшылар алдыңғы орында. Мамандар мұны елімізде ресторан бизнесінің дамуымен байланыстырады. Дүркіреп тұрған мейрамханалар әсіресе ерлерді таңдайды дейді, - оқытушылар.

Людмила Бош, оқытушы:

Ер аспаздарға сұраныс өте жоғары. Бұрын ондай болмаған. Қазір аспаздардың мәртебесі артты. Бұған біз қуанамыз. Осында барлық елдің асханасын үйретеміз. Сондықтан біздің шәкірттер қазір сұранысқа ие мейрамханаларда, елордада, жан- жақта жұмыс істеп жатыр.

Елімізде соңғы жылдары қызмет көрсету саласы қарқынды дами бастағаны мәлім. Тиісінше, тұтынушылардың өмірін жеңілдете түсетін мамандық иелері кәп-кәдімгідей табыс тауып жатыр. Жоғары білімі бар адамдардың қарапайым кәсіптерді меңгеруге құлшынуы да содан шығар, - деген ой түйдім. Стилист қыз Нұргүл айтпақшы, «диплом алу үшін» емес, сұранысқа ие табысты мамандық игеру үшін тер төккен әлдеқайда тиімді. Бірақ әлі де жастар университет бітіруді міндет санауды қоймаған. Биылғы ҰБТ- да түлектердің 80 пайызы жоғарғы оқу орындарына түсуге ниет білдіріпті. «Осы оқуды бекер оқыппын» дейтіндердің аз болмайтынын қазірден бәріміз біліп отырмыз.

Айжан Қуаш «Біздің уақыт»