Русский Сайттың толық нұсқасы

«Рамануджан-Харди» саны. Математикаға романтика жат емес! Математик Манаттың интервьюі

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2019
  • 6337

Жоғары білім алуға байланысты «Nazarbayev university»-ң ассистент-профессоры Манат Мұстафаның пікірін беріп едік ғой, енді сұхбаты. Математиканы қызықтырып оқытуға келтірген дәлелі қызық - «1729» деген санның «Рамануджан-Харди» саны делінетінін әңгімелеп берді. Жалпы, барлық әңгімесін тұщынып тыңдадым. Данияр Қайыртай да.

Назарбаев университетіне 30 елден келген 100-ден астам ғалым математикалық және философиялық логика салаларындағы соңғы ғылыми жұмыстарын таныстырды. Азиялық конференцияны өткізуге ұйытқы болып жүргендердің бірі – ассистент-профессор Манат Мұстафа. Қытайда туып-өскен. Елге деген аңсары – математикаға құлшынысын оятыпты...

Манат Мұстафа, «Nazarbayev university» ассистент-профессоры:

Қытайға Қазақстаннан не келсе де, бізге ол бір өте құнды зат. Мен кішкене күнімнен, 15 жасымнан, елге қайтам деп, осы Қазақстаннан біреулер келсе, қыл-аяғы анау кәмпиттің орама қағазына дейін мынау Қазақстандікі деп естеліктеріме салып, жинақтап қойған кезім де болған. Сол мезеттердің бірінде осы елден туысқандар келді. Сол кезде бір газетке кесе орап алып барды. Маған кесе қызық емес, маған сыртындағы газет керек. «Заман Қазақстан» газетінің 97 жылғы саны. Екі-ақ бет. Бірінші бетін оқыдым, екінші бетін ашып қарасам жоғарғы жағында кішкентай суреті бар, өлең бар екен жарты беттік. Жоғарғы жағында жазылып тұр «Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор» деп. Өлең жазып тұр. Таң қаласың. Мынау қандай қазақ!? Математик, дегенмен өлең жазады. Бұл сол кездегі Асқар ағамызға деген суреті, бейнесі сол жерде қалып қалды.

Атақты ғалымның бейнесі кейін Алматыға келген жылы санасында қайта жаңғырады. Троллейбустан кездейсоқ кезіктіргенде. Бір ауыз тілдеседі. Түбі шәкіртіндей болып кетеді. Бұл – 2002 жыл. Сосын оқуға түседі. Қазақ ұлттық университетінде докторлықты қорғайды. Ғылыми жұмысын жалғастыруға екі жылға Сингапурға шақыртылады. Одан оралған соң, қазіргі қызметіне кіріседі. Ғылымдағы осы жолын сонау жылдары арғы беттегі математика мұғалімі білді ме екен?..

Манат Мұстафа, «Nazarbayev university» ассистент-профессоры:

Сонда біздің орта мектептегі мұғалімдердің бір жақсы жері балаға жауапкершілікпен қарады. Біз енді көшеге кетіп қалған кезде, шақырып алады, қалтасында есеп жүреді. «Мә, мынаны шығарып кел» дейді. Сенбі ме, жексенбі ме бәрі-бір, қалтасында есеп дайын жүреді. Үйге барасың, шығарасың-шығарасың, дүйсенбі алып келесің бересің, қалтасынан тағы есеп береді. Соны арнайы сақтап жүреді. Ел кәмпит беруші еді. Ол кісі сөйтіп есеп берген. Кішкене-кішкене, қарапайым. Бірақ сол қызықтырады.

Ал біздегі орта мектептерде пәнді қалай оқытады өзі?

Манат Мұстафа, «Nazarbayev university» ассистент-профессоры:

Математиканы бір өлі пән ретінде беретін сияқты. Шын мәнінде математиканы әңгіме қылып айтса, тарихымен қосып, қызықтырып, кез келген біздің баланы тәрбиелеп алуға болады. Бізде сол кезде математикадан сабақ берген ағайларымыз әңгіме айтатын. Ұлы математиктер туралы қызықты оқиғаларды, қызықты мәліметтерді бізге қызықтырып айтатын. Мәселен, цифрдің тарихын әңгімелеп беруге болады, дейді математик. Қарапайым ғана «1729» деген санның «Рамануджан-Харди саны» делінетіні баланы қызықтырмай қоймайтыны анық.

Манат Мұстафа, «Nazarbayev university» ассистент-профессоры:

Харди айтады, Рамануджан ауруханада аурып жатқан кезде, Харди такси ұстап келем дейді. Әңгіме барысында айтады, «мен такси ұстап келдім, оның номері 1729 екен, бір ұсқынсыз сан сияқты» дейді. Рамануджан бірден айтады: «Кешіріңіз, ол олай емес» дейді, сөйтіп ол оның қарапайым екі қасиетін айтып береді. Сол майданда отырып. Сол сөз осыдан шыққан. Сонда қарасаңыз, осы бір цифрдің өзін әдемі ар жағынада тұрған әңгімені айтып берсеңіз, бұл қандай қызық. Көп адам ойлайды, математика деген қатып қалған формула, сандар ғана дейді. Олай емес. Математика – романтикаға толы.

Манат «романтикаға толы» іргелі ғылымды ысырып қойып, тез нәтиже көрсететін қолданбалы ғылымдарды ғана дамыту керек дегенді жаңсақ пікір санайды.

Манат Мұстафа, «Nazarbayev university» ассистент-профессоры:

Робот жасау – жаңалық емес. Сіз қазір айқалаңыз мен телефон жасадым деп. Ешкімге қызық емес. Ал сұрақ сол роботыңыз, сіз робот жасап жүргенде жапондар не істеп жатыр? Жапондар роботты сөйлетіп жатыр. Ал енді сіз осыны қуалап отырып келіп, роботыңызды сіз сөйлете бастаған кезде, жапондар не істеп жатуы мүмкін? Роботтарына жасанды интеллект береді. Яғни сіз қашанда, егер фундаменталды ғылымыңыз жоқ, тек қана техниканы үйренем деп қана алсаңыз, онда тек қана шет елдік ғылымның ілесушісі ғана боласыз. Ал енді фундаменталды ғылым болған жағдайда, онда сіз өзіңіз ойлап табасыз.

Біздің қоғамда «бірдеңе ойлап табу» былай тұрсын, шын ғылым қуып жатқандардың өзі азғантай ғой! «Дипломы бар» деген атақ үшін ғана оқитындар қаншама?! Есіл уақыт, қыруар қаржы жоғалтады. Сосын бітірген мамандығынан мүлде басқа салаға кетеді. Онысынан тіксінбейді де.

Манат Мұстафа, «Nazarbayev university» ассистент-профессоры:

Мысалы, сіз жай қарапайым америкалықтармен кездескен кезде университет бітірдім деп айтсаңыз, таң қалады. Қалай бітірдің дейді. Өйткені оларда оқу оңай емес. Екінің бірі университет оқуға тырыспайды, жаңағыдай мен университет оқимын деген сияқты. Олар колледжге барады. Өзінің қызыққан дүниесін оқиды. Сол арқылы жұмыс жасайды. Бір жағынан алып қарасаңыз, біздің ұлттың ғылымға, білімге деген бір көзқарасын жақсы екенін көрсетсе, екінші жағынан кейде диплом үшін оқу. Бір компанияға барып жұмысқа тұрғыңыз келсе, ол сізден диплом сұрамайды, сізден бір нәрсені істей аласыз ба, соны сұрайды.

Математик ғылым қуып шет ел асып жатқандар үшін алаң қылып, әлемде бар мұндай үрдістен қауіптенбеу керектігін де айтты.

Манат Мұстафа, «Nazarbayev university» ассистент-профессоры:

Ол кеткен кезде есікті жауып кетіп қалған жоқ. Ол да біреудің баласы және осы жақта туыстары бар. Ал екіншіден, шет елде жұмыс істеп жүрген балаларға қуану керек. Қарапайым ғана бір мысал, Қытайдың соңғы жылдарда қарқынды дамуы не үшін? Есікті айқара ашты, миллиондап студенттерді шетелге жіберді. Келмей қалғанына ренжіген жоқ. Ақшасын төлеп жіберді. Кейін Қытайдың үкіметінің жағдайы жасалған кезде, сол жастар өздері қайтып келді немесе барып-келіп жұмыс істеді. Мысалы, қазір Уалбай ағамыз Америкада жүр. Сол жерде профессор болып тұрып, қазір қазақтың балаларын тәрбиелеп отыр.

Уалбай Өмірбаев – бірнеше математикалық жұмбақты шешіп, онысын төрткүл дүниенің ғалымдарына дәлелдеуімен танылған ғылым докторы. Талай жыл елдегі оқу орындарында дәріс оқыды. Қазір АҚШ-та сабақ береді. Ал Манат Мұстафа елде жүрген қазақ баласы жаһандағы ғылыми жаңалықтарды құлағына құйып алсын деп халықаралық конференция ұйымдастырып отыр. Кім біледі, ауылдағы мектептердің бірінде оның осы ісін, біз таспаға түсірген осы бейнесін жадында сақтап біреу отырған болар...

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»