Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент жарылыстан зардап шеккендер қорына бір күндік жалақысын аударды

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2019
  • 3098

Арыс, біз біргеміз жалпыхалықтық акциясы бүгін де жалғасып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен президент әкімшілігінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын жарылыстан зардап шеккендер қорына аударды. Ақпаратты Ақорданың баспасөз хатшысы хабарлады. Ал Атыраудан бір топ дәрігерлер Арыс қаласына аттанса, оралдық ірі кәсіпкерлер тонналап азық-түлік тиеп жібермек. 

Бүгін Оралдағы ірі кәсіпорындар мен супермаркет қожайындары азық-түлік, жеке гигиена заттары мен балалар киімдерін жинап берді. Қалада үш гуманитарлық көмек қабылдау орталығы ашылған. Қайырымды жандар жапа шеккендерге әзірге керек заттарын, кейін құрылыс материалдарын жіберуді де жоспарлап отыр. Бұған қоса өңірдегі кәсіпорын қызметкерлері бір күндік еңбекақысын аударуға ниет білдірген. 

Мейрам ҚАБДЫҒАЛИЕВ, БҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Мұндай жағдай енді ол өте ауыр жағдай. Өйткені біздің облыста да су тасқыны болған кезде басқа облыстардан көмек болған. Сондықтан да бір ел болып, Қазақстан болып, бір-бірімізге көмек көрсетіп, Түркістан облысындағы Арыс қаласына көмек көрсетілуде.

Ал алматылықтар да жақында бірнеше жүк көлігімен құрылыс материалдары жеткізуді ұйымдастырып жатыр. Әзірге «Мен - алматылықпын» қоғамдық қозғалысының мүшелері Арыс қаласынан эвакуацияланған тұрғындарға көмек жинады. 100-ден астам тұрғын кеше кешкі сағат бестен әлеуметтік желі арқылы, көмек қолын созатын жандарды іздей бастаған.  

Андрей ВАСИЛЮХИН, «МЕН АЛМАТЫЛЫҚПЫН» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тұрғындар жеке гигиеналық заттардан бастап, көрпе, жамылатын одеялдар, палаткалар және су, күріш, макарон сынды өнімдерді әкеле бастады. Әлі қоңырау шалып жатқандар қаншама. Толығымен 500-ден асады. Оқыс оқилар бола қалса, біздің қор әрдайым осылай жиналып көмек қолын созуға дайын.

Тұрмыстық қажеттіліктен өзге де Атыраудан он дәрігер Арыс қаласына аттанды. Олар төтенше жағдайда зардап шеккендерге әріптестерімен бірге медициналық, психологиялық қолдау көрсетпекші. Арнайы пункттерге тұрғындар белсене келіп жатыр. Азық-түлік, гигиеналық заттардан бөлек дәрі- дәрмек те әкелген. Ал арнайы ашылған есепшотқа бір күнде 3 млн теңге жиналыпты.  

 Гүлжан КҮМІСБАЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көңіліміз жабырқап, түнімен ұйықтай алмай, ағайын-туғандарға телефон шалып, қатты қайғылы жағдайда жүрміз. «Алла әр істің сауабын берсін»,- дейді ғой. Біздер де аз да болса өзіміздің көмегімізді берейік, аз да болса жәрдемімізді жасайық деп.

Қазір жер-жерде осындай көмек көрсетемін дегендерге арнайы орындар ашылған. Мұндай шараларға негізінен жергілік әкімдік пен "Нұр Отан" партиясының филиалы мұрындық болып отыр.  

А. Қуаш