Русский Сайттың толық нұсқасы

Арыстағы ағайынға алаш жұрты көмектесіп жатыр

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2019
  • 2866

Арыстағы ағайынға қол ұшын созған аймақтардан "Нұр Отанның" бастамасымен гуманитарлық көмек тиеген жүк көліктері бүгін жолға шықты. Қиын сәтте елдің бірлігін нығайтқан игі бастама туралы келесі материалда.

Апат аймағындағы ағайынға алғашқылардың бірі болып қол созған қызылордалықтар 30 тоннадан астам азық-түлік пен төсек жабдығы, дәрі-дәрмекті жөнелтті. «Nur Otan» партиясының бастамасына кәсіпкерлер мен шаруалар, қарапайым тұрғындар да ат салысты. Кейін қаланы қалпына келтіру жұмыстарына құрылыс бригадалары жіберілмекші. Жолынан қалған 1200 пойыз жолаушысына да ыстық тамақ берілген. 

Ержан БАЙТІЛЕС, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бұл бір ғана Арыстағы ағайындардын ғана басындағы қасырет емес. Бұл тұтас ұлттың, мемлекеттің, халықтың басындағы қасырет деп білеміз. Қазір біз 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна құрақұмық, гречка жинадық. Одан бөлек 1,5 тонна сүт алынды. +Бір түнде ғана жиналған зат. Әлі де біз Қызылорда облысының атынан 5-6 Камаз құрылыс м атериалдары болсын, қажетті заттын барлығын сондағы ағайынға жеткізіп беруге ниеттеніп отырмыз.

Ал, ортақ іске жұмылған қызылжарлықтар қажетті заттарды жинап жатыр. Бұдан бөлек, нұротандықтар қаржылай көмек көрсету үшін есеп-шот ашқан. 

Евгений ГЛОТОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ СҚО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Облыс аудандары гуманитарлық көмектің жиналуын бірден қолдады. Кәсіпкерлер өздері өндіретін өнімдерімен бөлісті. 100 тонна тауар бес фураға тиелді. Олар бүгін шығып, Түркістан облысына 1.5-2 күнде жетпек. Солтүстік Қазақстанның гуманитарлық көмегі мұнымен тоқтамайды.

«Nur Otan» партиясының ақтөбелік филиалы да Арыс тұрғындарына екі жүк көлігімен 24 тонна азық-түлік жөнелтті. Зардап шеккендерге партияның облыстық филиалы, «Jas Otan» жастар қанаты, аудан мен ауылдағы Бастауыш партия ұйымдары бір күндік жалақысын аударыпты.

Асылжан БҮРКІТАЛИН, «JAS OTAN» АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кешеден бері қала тұрғындары әлеуметтік желілерде БАҚ жан-жақты ақпаратты тараттық. Қала тұрғындары белсенді түрде хабарласып жатыр. «Қандай көмек қажет? Не береміз?» деп хабарласуда. Алғашқы көмекті әкелген тұрғындарда бар. Сонымен қатар қаладағы ірі кәсіпорын өкілдері бар барлығы бірлесе отырып, Арыс қаласына алғашқы көмекті екі фурамен жібергелі отырмыз.

Оралдықтар да игі істен қалыс қалмады. Жергілікті «Батыс су арнасының» 900 жұмысшысы бір күндік жалақысын аударды. Бұл бастаманы нұротандықтар мен жергілікті мемлекеттік мекемелер де іліп әкетті. Бұдан бөлек 30 тоннадай азық-түлік көлікке артылды.

Серік СҮЛЕЙМЕН, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстан халқының бірлігін қай уақытта да осындай қиын жағдай болған уақытта қазақ айтқандай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келе жатыр. Анау 2011 жылы Батыс Қазақстанда су тасқыны болған уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен осындай халыққа көмек келген болатын. Арыс қаласына сондай қолдан келген көмегімізді жіберіп жатырмыз.

Қазір қаланың үш жерінен көмек көрсету орталығы ашылған. Жергілікті жастар ерікті ретінде Арысқа аттануға әзір отыр. Ел көлемінде жалғасын тапқан игі бастама елдің бірлігі бекем екендігін тағы бір мәрте көрсетті.

Е. Карин