Русский Сайттың толық нұсқасы

Арыстағы жарылыстан соң көшірілген тұрғындар митингке шығып жатыр

  • AstanaTV
  • 27 маусым 2019
  • 4308

Арыстықтар өз үйлеріне оралғысы жоқ. Бірнеше жылдан бері бомба үстінде отырған халық Шымкент маңайынан баспана беруді талап етті. Наразылық білдіргендерді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сабырға шақырды. Айзада Төребекқызы тараптарды тыңдап қайтты. 

Мыңдаған Арыс жұрты бүгін Шымкенттегі орталық мешітке жиналды. Олардың тілегі жалғыз: Арыста тұруға түбегейлі қарсы. Мешіттің іші-сыртында даурыққа жұртты имамдар сабырға шақырды. Наразылық тек намаз уақыты болғанда ғана саябырсыды. Наразы жұрт билікке бұдан бұрын болған жарылыстар сабақ болмағанын көлденең тартты. Бомба астында қалған жұрт бұдан соң ешкімге сенбейтіндерін айтты.

Гүлбаршын ДОСТАНОВА, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Оның экологиясы, қару-жарақтың қалған қалған зарары бізге ол ешқандай пайда әкелмейді. Ол онсыз да Арыс қаласы бірталай жылдан бері экологиялық аймақ. Ол енді тіпті бұдан кейін экологиясы шарықтап кетті деп ойлаймыз. Сондықтан біз ол жақа бармаймыз, балаларымыздың өмірін қауіп-қатерге, от пен бомбаның астына қайта апарып тыққымыз келмейді.

Қарлығаш ШЕКЕРБЕКОВА, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ашылған күнде де біз бармаймыз ол жерге. Не деген улы заттар жарылды ғой өйткені, ол жерде адам тұрып болмайды. Радиациялар бар ол жерде. Бізге басқа жерден үйлер салып берсін и үйлер берсін. Барлық осы Арыстың халқына берілсін үйді, соны талап етеміз? -қай жақтан? Шымкенттен берілсін мысалыға, басқа жерлерден Түлкібастан ба, жері кең ғой қазағымыздың жері, Қазақстанның жері кең.

Даурыққан жұртпен облыс әкімі мәмілеге келуге тырысып көрді. Ол жиналғандарды әлдекімдердің арандатуына түсіп қалмауына шақырды.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ :

Біз өз өзіміздің абыройымызды түсірмейік. Ол жерде қазір ешқандай радиация жоқ. Осында жүрген бірАз провокаторлар бар сөйтіп айтып жүрген. Мен басыммен жауап берем. Ешқандай радиация жоқ ол жерде.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыстағы қару-жарақтың 70 пайызы жойылып, өзгесі қаладан әкетіліп жатқанын айтты. Бүгінде 6 мыңға жуық снаряд табылған. Қазір қаладағы жарылғыш заттардың 65 пайызы тазартылған. Ал өрт сөндірілген.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ :

Үйді бәрін реттейміз, жөндеп береміз. Енді бір ай, екі ай әрине, сіздерге қаржы керек болады өмір сүруге. Сондықтан шотқа бүкіл қазақстандықтар қаржысын салып жатыр. Ол бір тиынына тиіскізбеймін мен бір тиынына. Содан кейін біз қанша түседі, сонша береміз біз. Сонда біз ойлап отырмыз қазір менің есебім бойынша әр семьяға бөліп береміз теңдей бөліп береміз.

Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: 

Осы Арыстың мәселесіне қатысы бар министрліктердің өкілдері келді. Қазір барлық облыстың әкімдерінің орынбасарлары, құрылыс басқарманың басшыларының барлығы келіп жиналып жатыр. Жаңа Өмірзақ Естайұлы айтқандай 17 секторға әрбір облыс бөлінген. Қандай жұмыстар, қандай құрылыс материалдары керек сол айтылғандай бір айдың ішінде барлығын қалпына келтіру үшін. 

Ертең Арыс халқы қалаға қайта көшірілмек. Таңғы 6-да бірнеше автобустан тұратын керуен жолға шығады. Облыс әкімі зақымданған үйлерін 1 айдың ішінде қалпына келтіріп береміз деді. 

А. Төребекқызы