Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды-Теміртау тас жолында болған апаттан қаза тапқандардың саны 7 адамға жетті

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2019
  • 4695

Қарағанды маңындағы ірі көлік апатынан қайтыс болғандардың саны 7 адамға жетті. Ауруханаға түскен 3 әйелдің біреуі жедел отадан соң көз жұмды. Тағы екі бойжеткен хал үстінде. Қазір «Жол ережесін бұзу» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

7 бірдей адам қыршынынан қиылған ірі көлік апаты өткен сенбіде «Қарағанды- Теміртау» тас жолында болған. Облыс орталығына бет алған жеңіл көлік жолдың қарсы бағытында келе жатқан машинаға соғылған.

Сол күнгі оқиғаны куәгерлер ұялы телефондарына түсіріп алыпты. Жантүршігерлік кадрлардың барлығын көрсету мүмкін емес. Полицияның мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, «DAEWOO» маркалы көліктің жүргізушісі, 30 жастағы әйел рулге ие бола алмай, жолдың қарсы бетінде келе жатқан «AUDI»-ді соққан. 2 жүргізуші мен 4 жолаушы тіл тартпай кетіпті.  

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Екі көлікте отырған 9 адамның 3- еуі ауыр халде облыстық травматология және ортопедия орталығына түскен еді. Науқастардың бірі 38 жастағы әйел ауыр ми жарақатын алғандықтан отадан соң көп ұзамай көз жұмған. Дәрігерлер қалған екі қыздың өмірін құтқарып қалуға тырысып жатыр. Жастары 20 - дан жаңа асқан қыздардың жағдайы мүшкіл деп отыр.  

Ерік ШОНБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТРАВМАТОЛОГИЯ ҚЫЗМЕТІ ЖАҒДАЯТЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Травматология орталығына қосымша хирургтер мен нейрохирургтер әкелініп, жапа шеккендерге дереу ота жасалды. Алайда олардың жағдайы ауыр. Бас миы мен ішкі ағза жарақаттарын алған, көп қан кеткен. Сондықтан қазір өкпелері жасанды дем алып жатыр. Ес- түссіз комада деген сөз.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Ресми емес мәліметке сүйенсек, жүргізушілер таксистер емес. Жол көлік оқиғасының құрбаны болған жүргізуші ер азамат анасымен бірге сапарға шыққан. Қалғандары жолаушылар. Ал екінші көлікке мінгендер де жол- жөнекей қалаға бет алған адамдар екен.

А. Қуаш