Русский Сайттың толық нұсқасы

Теңіз жобасындағы жұмысшылар арасында еңбек теңсіздігі бар - Н. Ноғаев

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2019
  • 2738

Теңіз жобасындағы жұмысшылар арасында еңбек теңсіздігі бар. Бұл жалғаса беретін болса, әкімдік заңға сай әрекет етеді. Атырау облысының әкімі мұнай компаниясы басшыларымен кездесуінде осылай деді. Нұрлан Ноғаев кен орнындағы біраз былықтың да бетін ашты. Күзет фирмасы тәртіпті сақтаудың орнына, жұмысшыларды қорқытумен айналысып келген. Ал шағым айтқан қызметкерден құтылу үшін түрлі құйтырқы әрекеттер жасалған көрінеді. Аймақ басшысы мердігерлерге Теңіздегі жағдайды түбегейлі өзгертуді міндеттеді. 

Нұрлан НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ :

Бір ұжымда бірдей жұмыс істеген екі адамның бірі 300 доллар, екіншісі 3000 доллар алмауы керек, адамдар көріп отыр. Көпшілігі мұны істеген жұмыстары мен көрсеткен қызметтеріне адал ақы алмауларымен байланыстырады. Жұмысшының қолына ең соңында шамалы тиын-тебен түседі, сосын ол өзімен бірдей жұмыс істеген шетел азаматының еңбекақысын көріп, мен неге зардап шегуім керек деген сауал қояды. Бұл әрине адамды ашындыратын, тіпті дау-жанжалға әкелетін жағдай.

Ал кен орнындағы қақтығыстан кейін шетелдік жұмысшылар депортацияланбайтын болды. Энергетика министрінің бірінші орынбасары Үкімет қабырғасында айтты. Махамбет Досмұхамбетов шетелдік және отандық жұмысшылар жалақысында айырмашылыққа қатысты талдау жүріп жатқанын айтты. Ведомство негізсіз үстеме айлық жүргені анықталса, арнайы шара қолданбақ. Ал теңіздегі тәртіпсіздік кезінде медициналық көмекке жүгінгендер саны 45-ке жеткен. 

Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ :

Шетелдік азаматтар елде білікті жұмысшылар жетіспеген соң келеді. Теңіз - өте күрделі жоба. Оны жүзеге асыру үшін қажет мыңдаған кәсіби маман Қазақстанда жетіспейді. Қазір онда 40 мыңға жуық адам еңбек етеді. Шынында, жұмысшылар жалақысында айырмашылық бар және оны мойындау керек. 

А. Бектас