Русский Сайттың толық нұсқасы

Иран уранды байыту мөлшерін көбейтеді

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2019
  • 2262

Иран уранды байыту мөлшерін арттырып, 3,67% жеткізбек. Бұл туралы осы елдің сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф хабарлады. Осылайша байытылған уран көлемі Тегеранға берілген лимит - 300 келіден де асып кетті, деп хабарлайды Рейтерс. Иранның сыртқы істер министрлігі Еуропаны ядролық келісімнің орындалуына күш салуға шақырды. Сонда ғана жағдайды реттеуге болатынын жеткізді. Бұған дейін Еуроодақ елдері америкалық санкцияларды айналып өтіп, Иранмен есептесу механизмін қолға алғанын мәлімдеген еді. Бірақ Тегерандағылар бұл төлем құралы қазіргі жағдайға сай еместігін, Иранның көңілінен шықпағанын жеткізді. 

Джавад ЗАРИФ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Біз еуропалық шаралардың жеткіліксіз екендігін бұған дейін де хабарлағанбыз. Енді Иран өз сөзінде тұрып, міндеттемені қысқартудың екінші кезеңіне кірісеміз. Уран мен ауыр су қорын қамтыған бірінші кезеңнің талаптарын орындап жатырмыз.

Бүгінде Иран уранына қатысты жағдай ушығып барады. Бұл елдің отпен ойнап отырғанын ескерткен АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды жан-жақтан қыспаққа алатынын да жария етті. Бұған қысылмаған Тегерандағылар Израильге соққы жасайтынын мәлімдеді. Ал Иран парламентіндегі ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитет өкілдерінің сөзінше, шабуыл жасауға елдің әскери күші мен техникалық мүмкіндігі жеткілікті. БҰҰ жанындағы Иранның тұрақты өкілі Маджид Тахт Раванчи CNN арнасына берген сұхбатында, алдағы он күнде жағдай өзгермесе, Иранның төмен байытылған уранды көбейтуге кірісетінін жеткізді. Арадағы бірлескен іс-қимыл жоспарына сай Иран уран мөлшерін арттырмақ. 

А. Құрманкин