Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда тұрғындары көпқабатты үйдің ауласында коммерциялық нысан салуға наразы

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2019
  • 2547

Қызылордада көршілер арасында жер дауы. Жергілікті кәсіпкер көпқабатты үйдің ауласында коммерциялық нысан салмақ. Тиісті құжаттары да бар. Алайда тұрғындар бұл құрылысқа қарсы. Шағын ауданды мекендейтін 154 отбасының шағымын тілшіміз тыңдап қайтты.

Бұл бесқабатты үйде 155 отбасы тұрады. Тұрғындар жыл сайын ауладағы ойын алаңын өздері жөнге келтіріп, әткеншектің сынғаны болса, қалпына келтіреді. Жұтаған жерге заманауи спорт алаңын салдыру үшін талай табалдырық тоздырған. Көпшілік көзінің қарашығындай сақтап келген алаңда енді коммерциялық нысан бой көтермек. 

Алма МАХАМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:  

310 бала мына жерге сия ма? Бізге одан да мына жерге үлкейтіп площадка салып, баламыз ойнайтын жер болсын. +Онсыз да біздің балдарымызда ешқандай жағдай жоқ, бір качеляға, бір горкаға ойнатынбыз. Ойнайтын жердің бәрі алқам-салқам, ешқандай, жөндеу жоқ. 31 жылдан бері біз жылаумен келе жатырмыз. Мына жерге контейнерді қойғызбай отыр. Мусор анада тұр, біреудің есігінің алды.

Ойын алаңына таласып жүрген кәсіпкер де осы бесқабатты үйдің тұрғыны. Ол осы жерде дүкен мен шаштараз ашпақ. Аула тұрғындары жер ортақ, сондықтан көршінің көздегені іске аспайды деп отыр.  

Раиса МІНҚАЗОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізді адам деп тыңдамайды, балаларға ойнайтын жер қалмады уже, кругом-машина, кругом-бардак. Осы домның баласы, кішкентайынан бізде өсті. Бізде сондай жағдай. Полицияғада бардық, «Скорый» шақырдық. Давление көтерілді.

Қарашаш ӘБЖАППАРОВА,ЗАҢГЕР:

Құжаттардың бәрі тұпнұсқасы деуге болады. Бірақ үш жерде үш түрлі жазылып тұр. Бір құжатында: 31 үйдің ауласында орналасқан жер деген. Екінші құжатында жаңағы сатып алу келісім-шартында жазылған: Қызылорда қаласы, Сығанақ көшесі, 43 үй сатылсын деген. Ал үшінші бір құжатында берілгенде: 31 үйдің қасынан берілген жер учаскесі. Мен енді ойлаймын, құжаттар толығымен заңды деп мен айта алмаймын. Сол жағын тексеріп берсе.

Кәсіпкер де көршілерімен санаспайтын сыңайлы. Жұртшылық қос тараптың жанжалы жұдырықтасуға дейін жеткенін айтады.  

Ерлан ЖЕТПІСБАЙҰЛЫ, КӘСІПКЕР: 

Мен осы жерді оликстен іздеп, тауып алғанмын. Мен тек сатып алушымын да бұл жерде. Онбес те жиырма метрлік. Заңды барлығы. Заңсыз болып жатса, акимат мына жерді алып, басқа жер берсін маған болмаса. Мен де оны ақшаға сатып алып отырмын, тегін алған жоқпын.

Жер дауына жергілікті билік килікті. Шаһардың бас сәулетшісі Жақсылық Ержанов кршілер таласқан жер 2008 жылдан бері жекеменшікте екенін айтты.  

Жақсылық ЕРЖАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

31 қантар 2008 жылы табысталған болатын. Сол кездегі заңдықтарға сәйкес жер учаскесі жекеменшікке өткен. Аталған жер учаскесі заңды негізінде сатып алынған, қазіргі таңда сол меншік иесі тарапынан қоршау жұмыстары жүргізілуде. Алайда аталған жер учаскесіне ешқандайда қала әкімдігі тарапынан құрылысқа рұқсат беру құжаттары рәсімделмеген.

Тиісті құжаттары түгел болған жағдайда кәсіпкер коммерциялық нысан салуға рұқсат ала алады. Тұрғындар болса жоғары билікке шағымданамыз деп отыр.  

З. Санай