Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда балық қырғынына қатысты сот процесі басталды

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2019
  • 2760

Атырауда балық қырғынына қатысты сот процесі басталды. Айыпталушы орындығында «Атырау су арнасы» коммуналдық мекемесінің бұрынғы басшылары. Олар: мекеменің экс - директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары болған Виктор Сущенко және су тазарту станциясының бастығы Михаил Чурсин. Қылмыстық кодекстің 2 бабы бойынша, яғни «Қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге әкелген жерүсті суларын ластау», «Аса ірі залал келтірген бөтеннің мүлкін абайсызда жою» баптарымен айыпталып отыр. Сондай-ақ кәсіпорынның экс-басшысы Құрметовке 371 -ші «Салғырттық» бабы бойынша қосымша айып тағылған. 

Жақсылық СИКИМОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ: 

 Жайық өзенінен жиналған балық көлемі - 14 тонна 273 келі. Кәсіпорын мемлекетке 13 миллион 924 мың 12 теңге зиян келтірді. Сондай-ақ «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытының 1 тонна 784 келі бекіре балығы өлді. Балық қорғау инспекциясының есебі бойынша, зауыттың шығыны - 429 миллион 76 мың 50 теңге. Сонымен қатар «Луговой жылқы зауытындағы» коммерциялық мақсатта өсірілген тауарлы бекіре өсіру зауытындағы бағалы балықты құтқарып қалуға тырысқан әрекет оң нәтиже бермеді. Онда 100 тоннаға жуық бекіре қырылып қалды.

Зардап шегуші тарап - облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясы мен бекіре балығы қырылып қалған қос зауыт. Айыпталушы тараптың адвокаты мәселені басқа жақтан іздеуді ұсынды. Олардың пікірінше, балық қырғынына өзге факторлар да әсер етуі мүмкін.

- Алдын ала тергеу барысында 2018 жылдың шілде айынан бастап желтоқсанына дейін Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілгені анықталды. Бұл жобамен «Павлодар өзен порты» мекемесі айналысты. Құрметті сот мырза, осы жоба қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін. Бұл жобада балық өлу фактісі болу мүмкіндігі қарастырылған. Өзен порты қоршаған ортаны ластағаны үшін қаражат төлейді. Мен осыған сай жұмыс жоспарын қосуды сұраймын.

Айта кетейік, өңірде балық қырғыны былтыр желтоқсан айында басталған. Тергеумен ішкі істер министрлігінің тергеу тобы айналысты. Олардың жорамалынша, өзенге құрамында хлоры көп сарқынды су жіберілген.

Б. Нәдірқызы