Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда екі көп қабатты тұрғын үй әлі күнге дейін жылусыз отыр

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2017
  • 2549

Павлодарда су жаңа екі көпқабатты тұрғын үй осы күнге дейін жылуға қосылмаған. Тұрғындар жағдай жуық арада шешілмейді деп алаңдайды. Сөздерінің жаны бар. Жылумен жабдықтайтын кәсіпорынның ақпарынша, баспаналарда рұқсаттау құжаттары дайын болмаған. Ал онсыз үйлерге жылу беру мүмкін емес. Түйткіл шешілмесе, 106 пәтерлі қос нысан алдағы қысты қақаған суықта қарсы алмақ.

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Жылыту маусымын қыркүйектің ортасында бастаған Павлодарда әлі күнге дейін жылусыз отырған баспаналар бар. Солардың бірі - Ломов көшесіндегі екі көпқабатты тұрғын үй.  Мұнда 106 пәтер бар. Оның 70 пайызға жуығы рәсімделіп, сатылып кеткен. Бүгінде көшіп келгендері де бар. Бірақ қара суықтың келуімен пәтерлері азынап кеткен бұқара не істерін білмей дал.

Гүлнәр Марат, Павлодар қаласының тұрғыны:

Киіммен жүрміз. Балалар курткамен жүр. Ұйықтағанда әйтеуір көрпенің астында. Жылытқыш күні бойы қосылып тұрады екі бөлмеде. Жылытқышпен жылу бар. Бірақ ток кетіп жатыр. Ал басқа бөлмелер суық, оларда біз тұрмаймыз.

Тамыздың 25-інде ғана қоныс тойы тойланған бұл үйлер ипотекалық несие арқылы берілген. Жаңа шағын аудандағы жаңа пәтерде жаңа өмір бастаймыз,- деп сенген бұқара жоғары жақтағылардың уәдесінен әбден мезі болғанын айтады. Күн сайын бір сылтау. Ол сылтаулар біткенше, қақаған қыс та келіп жетті,- деп ашынады халық. 

Мейрам Әділханов, Павлодар қаласының тұрғыны:

Лицевой шот ашылмады деді басында. Содан кейін 10 отбасыда шот болса, жылу беріледі деді. Одан ол уақыт өтіп кетті. Енді жылу беретін ұйым рұқсат бермеді деп, сонымен кедергі жасап отыр.

Жылумен қамтитын кәсіпорын қос көпқабатты тұрғын-үйдегі жағдайдан құлағдар. Баспасөз қызметі берген ақпарға сәйкес, қалалық құрылыс бөлімі бұл баспаналардың техникалық құжаттарын дер кезінде тапсырмаған. Тиісті актіні қазанның 17-інде ғана әкеліпті. Алайда, «Павлодар жылу желісі» аталған құжаттан кемшіліктер тауып, оны қайтарып берген

Олеся Емельянова, «Павлодар Энерго» АҚ баспасөз хатшысы:

Бұл құжатта ішкі жылу жүйесін шаю туралы акт болмаған. Сондай-ақ жылу желілерінің ұзындығы бұған дейін жобалық-сметалық құжатта көрсетіліп кеткен ұзындыққа сәйкес келмеді. Қалалық құрылыс бөлімі аталған кемшіліктерді жойып, құжаттарды тапсырған күні біз бірден бұл мәселемен айналысатын боламыз. Яғни дайындық туралы акт сол кезде беріледі.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Дегенмен бұл үйлерге жылу бірер күнде берілмесі анық. Құжаттағы олқылықтар жойылғанмен, баспананың жылыту маусымына дайындығы тағы бар. Тексеру жұмыстары да біраз уақытты талап етеді. Қол қусырып отырмас үшін тұрғындар аймақ басшысына шағымданбақ ниетте.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ